Қарағандыда алғаш рет республикалық құтқарушы кинологтар жиыны өтуде

Жиын Қарағандының жедел құтқару отряды базасында өтуде. Осы іс-шара аясында кинологтар өздерінің асырауындағы иттермен бірге техногендік және табиғи төтенше жағдайлар аймағында зардап шегушілерді іздеу бойынша тәжірибелер мен жаттығулардан өтеді.

Тәжірибелік семинарға Астана, Өскемен, Павлодар, Екібастұз және Қарағанды кинологтары қатысады. Мамандар өздерімен бірге арнайы үйретілген 12 ит әкелді, олардың ішінде неміс овчаркасы, лабрадор-ретривер, самоед лайкасы, берн зимен-хунд, немесе берн малшы овчаркасы және басқалары бар.

Барлық иттер үш жасқа толмаған. Бұл семинарда олар кинологтармен бірге өздерінің кәсіби дайындығын шыңдайды, ал сәуір айында Астана қаласында емтихан тапсырмақ. Аттетациядан өткен иттер штатқа алынып, іздеу жұмыстарын жүргізуге жіберіледі.

Қарағандыда итімен бірге кинолог құтқарушылар да штатқа екі ай бұрын ғана алынған. "Бұл қызметке үлкен үміт артылуда. Иттер адамның жүрген жерін тек иісі арқылы ғана емес, іздеу шаралары жүргізілгенде өте маңызды болып табылатын адамның дене температурасы бойынша да анықтайды. Мысалы, Теміртауда тұрғын үйдің құлаған подъезінің үйіндісін ашу кезінде полициядан жалға алған иттің тексеруінен кейін ғана экскаватордың жұмыс істеуіне жол берілді", - дейді ТЖ жөніндегі департаменттің бастығы Мейрам Ысқақов.

Бүгінгі жиын аясында кинологтар иттерімен бірге ғимарат үйіндісінің астындағы адамдарға іздеу жүргізді. "Оларды басқа күндері де ауыр сынақтар күтуде. Әзірге тапсырманы барлығы да орындауда",- дейді сараптамашы.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті