Атыс 16 шілде күні металл базасы ауданында Резник көшесінде болған. ІІД баспасөз-қызметінің мәліметі бойынша, осы база қожайындары болуы мүмкін шешен нәсілді үш ер азаматқа бірнеше көлікпен ингуш ұлтының бір топ адамы келген. Араларында ұрыс басталып, соңы атысқа айналған. Нәтижесінде екі адам оқиға орнында мерт болып, жарақат алған екі азамат ауруханаға жеткізілді. Қалғандары оқиға орнынан жасырынып үлгерген.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, екі жақтың шығыны тең. Облыстық ІІД баспасөз-қызметінің бастығы Базарбек Құлтаев, тергеу барысында екі тараптың бір біріне ешқандай араздығы болмағаны анықталғанын айтады. Бірақ жанжалдың себебі белгісіз.
Қазіргі таңда ҚР ҚК 96 бабына сәйкес (кісі өлімі) қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Алдын ала мәліметке сәйкес, атыс кезінде Макаров тапаншасы мен «Сайга» мылтығы қолданылған.
Полиция қызметкерлері атыс ұлт арасындағы араздықтан туындауы мүмкіндігін жоққа шығарды. «Жанжалдың шығуына, ақша себеп болуы ықтимал», - дейді полицейлер.