Қарағандыда бірінші карьер "БелАЗ" самосвалы шығарылды

Қарағандыда "ҚазБелАЗ" зауыты белорустік "БелАЗ-Холдинг" компаниясымен бірлесіп 45-тонналық бірінші карьер "БелАЗ" самосвалын құрастырды, деп хабарлады облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінен.


           "Карьер "БелАЗ-7547" самосвалын беларустік зауытта оқып келген қарағандылық көлік шеберлері құрастырды. Машина түгелдей "БелАЗ" ААҚ-ның бөлшектері мен технологиялық құжаттамаларына орай құрастырылды. Бұл көлік Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сай, ол туралы декларация және сынақтар хаттамасы бар. Сондай-ақ Қазақстан заңдарына сай CT-KZ сертификаты бар", делінген хабарламада.
           Бір самосвалдың құны шамамен 40 млн теңге.
           Облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыт осы үлгідегі көлікке қатысты бүкіл Қазақстанның сұранысын өтеуге дайын. Сондай-ақ зауытта тек карьер "БелАЗ-7547" самосвалдары ғана емес, олардың қосалқы бөлшектері де шығарылмақ.
           "ҚазБелАЗ" қосалқы бөлшектер шығару және техника құрастыру өндірісі" жобасы Индустрияландыру картасына енгізілген. Оның жалпы құны – 10,5 млрд теңге" делінген хабарламада.
           Қарағандылық "ҚазБелАЗ" зауыты 2011 жылы ашылған. Оның жобалық қуаттылығы жылына - 30-33 самосвал.