Қарағандыда бизнесменнің қалтасына есірткі салып жіберген үш полицей мен адвокат сотталды

  Бұл туралы бейсенбі күні сот кеңсесінен хабарлады.

Сәрсенбідегі отырыста сот адвокатты алаяқтық жасағаны үшін 7 жылға соттап, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды. Полицейлердің әр қайсысына 4 жылдан жаза кесіліп, олардың да мүлкі тәркіленетін болды.

Іс материалдарына сүйенсек, адвокат азаматтық істер бойынша соттарда мүддесін қорғап жүрген кәсіпкерге өзін ЖШС құрылтайшыларының қатарына енгізуді сұраған. Содан соң ұсынысты қабыл алмаған клиентінен өш алуды ойластыра бастайды. Таныс полицейлерге бизнесменнің қалтасына есірткі салып жіберуді ұсынған. Олар қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін адвокаттан 100 мың доллар талап етпек болыпты.

Кейін белгілі болғандай, полицейлер бизнесменді Қарағандыдан шыға берісте тоқтатқан. Тінту барысында оның күртесінің қалтасынан ақ ұнтақ тауып алады. Кейін істі тіркемеу үшін алдымен 10 мың доллар, кейін адвокат арқылы тағы 90 мың доллар сұратып алған.


Кәсіпкер көп ұзамай ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаментіне шағымданған.