Қарағандыда ер адам кәсіпорын директорына оқ атты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 27 қазан күні болған. Қарағанды қаласының полиция басқармасына сауда кәсіпорындарының бірінде қарулы жанжал болғаны жайлы хабар түсті. Оқиға орнына полицейлер аттанды.

Анықталғандай, кәсіпорында 30 жастағы ЖШС директоры әлдебіреумен сөзге келіп қалған. Жанжал кезінде ер адам травматикалық "Оса" тапаншасынан басшыға оқ атқан. Жаралы кәсіпкер медициналық мекемеге жеткізілді. Бірақ ауруханаға жатқызылған жоқ.

"Полиция ізін суытпай 29 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті кінәсін мойындады. Травматикалық тапанша тәркіленді", –  деп мәлімдеді полициядағылар.


Қылмыстық кодекстің 287-бабы "Қаруды заңсыз сақтау немесе алып жүру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.