Қарағандыда мас келіншек сәбиін 500 теңгеге сатпақ болған


Жезқазғаннан Қарағандыға қаңғырып келген 30 жастағы мына келіншек ішкіліктен енді ғана есін жинап отыр. Осыдан бірер сағат бұрын ол қала базарының ортасында бөтелкелес досымен бірлесіп, өз нәрестесін саудаға салыпты. Алғашында бағасын 100 мың теңгеге қойып, алушы табылмағасын 500 теңгеге алуын сұрап саудагерлерге қолқа салған. Бассыздыққа шыдамай тәртіп сақшыларын шақырған да солар екен. Бірақ, полиция бөліміне келіп есін жиған келіншек істегенін мойындаған жоқ. Ал 3 айлық Томирис нәр татпай, суықта ұзақ жүріп қалса керек әбден әлсіреген. Денсаулығы дімкәс нәресте бірден ауруханаға жөнелтілді. Шешесін көру көрмеуді енді сот шешетін болады.