Қарағандыда «Шахтер» ФК бұрынғы баспасөз қызметкері ұсталды

Бұл туралы Қазыбек би аудандық сотынан хабарланды.

«Қазыбек би аудандық сотының 2014 жылдың 30 қарашасындағы қаулысына сәйкес шабуылға қатысы бар деп күдіктелген М. Қалиев 10 күнге қамауға алынды. Қамауда болу мерзімі ол ұсталған күннен, 28 қарашадан есептеледі», - деді аудандық сот кеңсесінде.

Қаулыда 27 жастағы М. Қалиев «Шахтер» ФК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы болып істейтіні жазылған.

Алайда футбол клубының баспасөз қызметі аталған қызметкердің 17 қарашада жұмыстан өз еркімен кетуі жөніндегі өтініш жазғанын мәлім етті.

Бұрын хабарланғандай, 28 қарашада Қарағандыда букмекерлік кеңселердің біріне қарақшылық шабуыл жасалды.  Таңертең букмекерлік кеңсенің біріне бетперде киген екі азамат кассир мен күзетшіні тапаншамен қорқытып, оқ атып, бар қаражатты беруді талап еткен.   Алайда кеңседе болған облыстық ІІД жедел әрекет ету тобының қызметкерлері қылмыстың алдын алды.  Бұл үшін қару пайдалануға мәжбүр болды. Ұстау кезінде шабуыл жасағандардың бірі жарақаттанып,  сыбайласы қашып үлгерді. Алайда көп ұзамай ол да қолға түсті. Күдікті «Шахтер» ФК баспасөз қызметінің қызметкері болып шықты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 179 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.