Қарағандыда шертпе күйшілер сайысы өтті

Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының мұрасын зерттеуші және күйлерін насихаттаушы Тәкішов Болат Жұматайұлы мен «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бұл өнер сайысы  Қарағанды облысының  балалар  өнер мектептері, балалар музыка мектептері оқушыларының және өнер колледжі студенттерінің  қатысуымен өтті.

Айта кеткен жөн, байқауға ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі  Тұрысбек  Секен  Кәрімұлы бастаған ҚР Еңбек сіңірген  қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, өнер музыка зерттеушісі,   Шәкәрім  Жарқын  Жақияұлы, ҚР Еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры,  Жүзбай  Жанғали Әлімханұлы, Аққыз мұрасын зерттеуші, күйші, Тәкішов Болат Жұматайұлы, Мәдениет саласының үздігі, Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ұстазы, Сәрсембеков Жеңіс Дайырұлы қазылық етті.

Байқаудың  басты мақсаты - шертпе күйші Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызы күйлері мен шығармашылығын жас буынға дәріптеу, балалар және жасөспірімдер шығармашылығының мәдениетін дамыту.

Аққыздың  бүгінгі  күні 9 күйі орындалып жүр, 8 күйі нотаға түсті, 4 өлеңі бар, біреуін «Аман бол амал қанша»  әнін белгілі әнші Манарбек Ержанов орындаған. Конкурста 7 күйі орындалды. Конкурс «Кеншілер сарайы» мәдениет үйінде қорытындыланып, артынан Гала концертте конкурсанттармен бірге күйшілер Секен Тұрысбек,  Жанғали Жүзбай, Дәниел Хамзин, Қайролла Сәдуақасов, Гүлнар Шәріпова күй шертіп  Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» ән- би ансамблі өнер көрсетті. Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының күйлері мен әндері шырқалды.

Екі күнге созылған сайыс қорытындысында 12-14 жас аралығы бойынша бірінші орынды Аяна Сатанова жеңіп алды, оған сыйлыққа теледидар берілді.


15-17 жас аралығында өткен сайыста Ерлік Айбол, Жансұлтан Қаукенов, Мирас Әкімбек, Мадияр Уәлиев дипломант атанды. Үшінші орынды Бексұлтан Барақбай иеленді. Екінші орын Аңсар Ысқақовқа бұйырды. Бірінші орынды Диас Ғабдолла олжалады. Ал сайыстың бас жүлдесін Ақтоғайлық Балжан Серікболқызы жеңіп алды. Бас жүлдені Гран - при    100 000 теңгені ҚР Парламентінің депутаты Нұрлан Дулатбеков және Айгүл Соловьева тапсырды.

Бас бәйге - Гран - при    100 000 теңге

Бір бірінші орын және лауреат атағы  80 000 теңге

Бір екінші орын және лауреат атағы    60 000 теңге

Бір үшінші орын және лауреат атағы  50 000 теңге

«Аққыздың күйін үздік орындағаны» үшін сайыскерге арнайы сыйлық  50000 тенге ұсынылды.

«Аққыздың күй мұрасы» атты күйтабақ альбом жинағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай Әлімханұлының редакторлығымен жарық көріп, тұсауы кесілді.