Өз атына жіберілген балағат сөздерді оқыған Осакаров ауданының тұрғыны жеке айыптау түрінде сотқа арызданған. Жала жабу, тіл тигізу сынды істер бойынша түскен жеке адамның айыптауы полицияда тіркелместен автоматты түрде қылмыстық іс болып саналатыны белгілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зардап шеккен әйел өзін кемсіткен екінші әйелді ҚР ҚК-нің 131-бабы 1-бөлігі бойынша («Тіл тигізу») қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады. Онымен қоса, ол айыпталушыдан моралдық шығын ретінде 100 мың теңге көлемінде өтемақы өндіріп алу туралы азаматтық талап-арыз түсірді.
«Сот барысында айыпталушы әйел телефонмен смс-хат алмасу барысында әдепсіз түрдегі сөздермен өзге тұлғаның ар-намысын қорлау пиғылымен зардап шегуші әйелге тіл тигізгені анықталды», - дейді Қарағанды облысы Осакаровка аудандық сотының баспасөз қызметіндегілер.
Судья айыпталушыны кінәлі деп тауып, оған 60 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны тағайындады. Әйелдің нақты қандай және қай жердегі жұмыстарды орындайтынын аудан әкімдігі шешетін болады.
Азаматтық талап-арыз ішінара қанағаттандырылды. Сотталған ауыл тұрғыны 15 мың теңге өтемақы төлейтін болады.