Қазіргі таңда оқиға орнында іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдың тағы бір тұрғыны болса өзеннің арғы бетінде қап қойып, үйіне орала алмай қалған.
Қайғылы оқиға жайында 2 ақпан күні кешке белгілі болды. "Олар өздері өзенді кесіп өтпек болған. Арғы бетке көпір арқылы өтіп, қайтар кезде жылқымен суға қойып кеткен. Жылқылары сүрініп, ағайынды екеу суға кетті. Жануарлар жағаға өздері шыққан, балаларды қазір іздеп жатырмыз", - дейді Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов.
Құтқару қызметіне хабарлама кешкі сағат жетілер шамасында келіп түскен. Олар дереу оқиға орнына жетіпті.
"Оқиға Нүркен Әбдіров ауылынан 500 шақырым қашықтықта орын алған. Балалар Қопа өзенін жылқымен кесіп өтпек болыпты. Көктемгі қар ерудің уақытында мұның қауіпті екені бәріне белгілі. Бізден оқиға орнына алты адам мен екі қайық жіберілді. Бұл жайтты қазіргі облыстағы су тасқынымен байланыстырудың қажеті жоқ. Өйткені, бізде тасқын су жоқ. Бұл тек ауа райына байланысты жасалған ескертулерге салғырт қараудың салдары", - дейді ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Ауыл тұрғындары болса оқиғаның басқаша болғанын айтып отыр. Олардың сөздерінше, елдімекенде су тасқыны расымен де болмаған. Бірақ, Қопа өзенінің деңгейі көтеріліп келеді дейді олар.
"Жоғалып кеткен екі бала ағайынды. Олардың бірі таңертең досын ертіп мал іздеуге өзеннің арғы бетіне өтпек болған. Бірақ, өзен ағызып әкетіпті. Досы ауылдастарына хабарласып, болған жайтты айтқан. Оқиға орнына бірнеше адам барды, арасында бауыры бар. Ол да ағасын іздеймін деп суға ағып кетті. Ал, таңертең өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен жігіт қайта алмай отыр. Желең киініп шыққан еді", - дейді куәгерлер.
Қазір оқиға орнында аудан әкімі жүр. Ол судың арғы бетінде қап қойған балаға тамақ пен жылы киім жеткізді. Оған барлық көмек көрсетіледі", - деді Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.