ІІМ баспасөз орталығынан хабарлағандай, ашылу рәсіміне ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов, АҚШ-тың ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Джон Ордвей мен Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин қатысқан.
Орталық адам саудасына байланысты қылмыстарды ашумен және тергеу жүргізумен айналысатын құқық қорғау органдарының, бірінші кезек, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
АҚШ елшілігі (есірткімен халықаралық күрес және заңдылықтың сақталуы жөніндегі бөлім) орталық пен тыңдаушылардың жатақханасын жөндеуге және техникалық жарақтандыруға 90 мың АҚШ долларын бөлген. ІІМ жоғары білікті мамандарды, жатақхана ғимараттары мен оқу аудиторияларын ұсынды.