Қарағандыда жаппай ауруханаға түскен балалар тамақтан уланбаған – Ажар Ғиният

Бұл туралы  Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылған.

“Қазіргі таңда олар сол орталықтағы дәрігерлердің бақылауында. Алты бала реанимация бөлімшесінде жатыр, төрт баланың жағдайы оң динамикамен ауыр жағдайда қалып отыр. Екі баланың жағдайы өте ауыр күйде. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интоксикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр", - деп мәлімдеді министр.

Министрдің айтуынша осы оқиға бойынша республикалық және облыстық деңгейдегі мамандардың кеңейтілген консилиумдары күн сайын ұйымдастырылып жатыр.

“Осы оқиға туралы ақпарат түскеннен бастап, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде жетекші республикалық балалар мамандарының шығуын ұйымдастырды. Қарқынды терапия қамтамасыз етіліп жатыр.
Министрлік зардап шеккен балалардың жағдайына мониторинг жүргізуді және медициналық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр”,- деді министр Үкімет отырысында.

Алдын ала тексеру нәтижесінде балалардың тамақтан уланбағаны анықталған.


“Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы және тексеру іс-шараларын жалғастырып отыр. Алдын ала эпидемилогиялық тексеру, зертханалық зерттеу нәтижелері аурудың таралу сипаты тамақтан уланудан болмағанын, сондай-ақ инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті. Бұл жағдайдың болуы себебіне тоқталсақ, дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты улану деп пайымдайды. Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр. Балалардың жағдайы министрліктің ерекше бақылауында", - деді ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ішек инфекциясына жүргізілген сынақ теріс нәтиже бергенін мәлімдеді.