Қарағандыда жасөспірімдерді интимдік фотолары мен видеоларын жіберуге мәжбүрлеген ер адам ұсталды


деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметінен. 

«Ішкі істер департаментіне жасөспірімдердің ата-аналарынан белгісіз адамның тарапынан балаларына сексуалды сипаттағы күш көрсеткені туралы арыздар түскен. Ата-аналар арызбен бірге сөздерінің дәлелі ретінде аталған белгісіз азаматпен хат алмасқан балаларының ұялы телефонын көрсеткен», делінген хабарламада. 
Облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқарамасының жедел уәкілдері жасөспірімдерді қорқытып, өздерінің жалаңаш күйдегі суреттерін фотоаппаратқа және видеоға түсіріп, «Whats App» арқылы жіберуге мәжбүрлеген 34 жастағы ер азаматты қала орталығында қолға түсірді. 
Белгісіз азаматтың жеке тұлғалық мәліметтерін және мекен-жайын анықтап, қолға түсіру мақсатында тәртіп сақшылары ішкі істер органдарының қолданысындағы заманауи технологияларды пайдаланды.
Күдікті азамат қала орталығындағы құрылыс нысандарының бірінде күзетші болып жұмыс істеп жүріп, бос уақытын жасөспірімдермен хат жазысуға арнаған. 
Күдікті өз кінәсін жоққа шығармады, себебі құрықталған сәттің өзінде оның ұялы телефонына хаттар келіп жатқан. 
Бүгінгі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.