Жеңімпаздар форумына «Қарағанды-Арена» мұз айдынына 10 мыңға жуық халық - жастар мен ересек адамдар, жұмыскерлер мен зиялылар, этномәдени және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды.
«Ел Президентінің кезектен тыс сайлауы жылдың маңызды саяси оқиғасына айналды. Біздің келешегіміз Президентімізге байланысты. Облыс тұрғындары саяси көрегенділікпен өз дауыстарын Тұңғыш Президентімізге берді», - деді облыс әкімі Н. Әбдібеков.
Қазақстандықтар Назарбаевқа дауыс беріп мемлекеттің тұрақтылығы мен одан әрі гүлденуін қолдады, деп атап өтті еңбек ардагері, ел президентімен кезінде Теміртауда бірге жұмыс істеген Н. Вахитова.
Ассамблея атынан еуразиялық мәдениет орталығының басшысы Вилен Молотов-Лучанский құттықтады.
«Бұл ерекше оқиға десе болады. Бұл күннің маңыздылығын уақыт көрсететін болады. Біз жеңдік, демек өзімізге ел келешегі үшін жауапкершілікті де алдық», - деді ол.
Шахтерлер, металлургтер, спортшылар мен жастар көшбасшылары өз қолдауын білдірді.
Форум «Атамекен» әнін орындаумен аяқталды.
Еске салсақ, Қарағанды облысында сайлауға 97,21 пайыз халық қатысты. Н. Назарбаев 98,3 пайыз дауыс, ал А. Құсайынов 1,07 пайыз, Т. Сыздықов - 0,63 пайыз дауыс жинады.