Іс бойынша ең басты зардап шегуші - 8 айлық Настя Васецкая болып отыр. Ол 2003-жылдың 5-желтоқсанында БЦЖ вакцинасымен егілген. Настяның анасы Елена Васецкаяның айтуынша, содан бері кішкентай қыздың лимфа түйініне бірнеше операция жасалды. Алайда, оның қызы вакцинаның зардабын күні бүгінге дейін тартып келеді. Кәсіби дәрігерлік көмек алу үшін ата-анасы Настяны Ресейге де апарған.
Елена Васецкаяның денсаулық сақтау министрлігінің үстінен түсірген шағымы бойынша сот отырысы 2-тамызда өтті. Васецкийлер отбасы 7,6 млн. теңге мөлшерінде материалдық, 6 млн. теңге мөлшерінде моральдық шығынды өтеп беруді талап еткен.
Бүгін, 1-қыркүйекте судья Бақыт Ахметованың шығарған шешімі бойынша материалдық шығынды өтетіп беруден бас тартылды. Ал моральдық шығынды өтеп беру туралы шағым талабы жартылай қанағаттандырылды.
Зардап шеккен қыздың туыстары сот шешімімен келісе алмай отыр. Енді олар жоғары сатылы сотқа арыз бермекші. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл іс бойынша түсініктеме беруден бас тартты.
Қазіргі таңда Қарағанды және Қарағанды облыстық соттарында сербияда өндірілген сапасыз БЦЖ вакцинасынан зардап шеккен балалардың ата-анасынан келіп түскен 30-дай шағым жатыр.