Қарағандыдағы көп қабатты үйде газ баллоны жарылды. Бір әйел зардап шекті

Газ баллоны үйдің төртінші қабатындағы пәтерде жарылған. Жарылыс толқынынан пәтердің терезелері мен есіктері жұлынған. Пәтер ішінде өрт басталды. Денесінің 45-50 процентін күйік шалған пәтердің 63 жастағы әйел қожайыны ауыр жағдайда Мақажанов атындағы аурухананың күйік бөлімшесіне жатқызылды.

Куәгерлердің айтуынша, әйел сыйымдылығы 27 келі болатын газ баллонын үйдің ауласында автокөліктен сатып алған. Баллонды үйге өзі көтеріп кіргізген жүргізуші оны плитаға қосуға талпыныс жасайды. Осыдан кейін жарамсыз баллонды қайтадан алып шыққан әлгі екіншісін алып келеді. Жарылыс осы екінші баллонды орнатқан кезде шықты. Автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан дереу із жасырған. Қазір ол іздестіріліп жатыр.
"Алаутрансгаз" АҚ-ның KZ-today тілшісіне берген түсініктемесіне сәйкес, Карбышев көшесіндегі бұл үйде газ тарату қондырғысы бірнеше жылдан бері бос тұрған. Пәтердің басым бөлігін жалға алаған студенттер газға төлем төлемейді. Соның салдарынан тұрғындар газ баллондарын орнатуға мәжбүр.
Тұрғындарға тұрмыстық газ таратушы "Алаутрансгаз" АҚ-ында бір аптадан бері газ мүлдем жоқ. Осындай тапшылықты заңсыз жұмыс істейтін жеке меншік фирмалар пайдаланып қалуға тырысуда, деп пайымдайды компаниядағылар.