Қарағандылық cұлуға «Қазақстан аруы 2016» байқауына қатысуға тыйым салынды

«Қарағанды аруы 2016» байқауының жеңімпазы 17 жастағы Мария Пятина «Қазақстан аруы» ұлтық байқауының 10 желтоқсан күні Астанада өтетін ақтық сынына қатыса алмайтын болды, деп хабарлайды Baq.kz.

Қарағандылық байқаудың жеңімпазы Мария Пятина 30 желтоқсан күні Астана қаласының №1 ауруханасына асқынған аппендицит диагнозымен жатқызылған болатын. Дәрігерлер диагнозды растап, бойжеткенге жедел түрде ота жасаған.

«Отаны Тлеулі Сыздықов жасады. Дәрігерлердің айтуынша, ота жақсы өткен. Марияның жағдайы қанағаттанарлықтай. М.Пятинаның «Қазақстан аруы 2016» байқауының ақтық сынына қатысуға денсаулығының жарайтын не жарамайтындығын жақын күндері дәрігерлер айтады», - деген болатын байқаудың ұйымдастырушылары.


Белгілі болғандай, Мария Пятинаға байқауға қатысуға дәрігерлер рұқсат бермеген. Бұл жайында бойжеткеннің өзі инстаграм желісіндегі жеке парақшасында былай деп жазады:

«Кешір мені, Қарағанды! Үміттерді ақтай алмадым. Мені ақтық сынға өткізбеді. Барлығы менің еркімнен тыс шешілді. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Осындай қолайсыз кезде ауруханаға түсетінімді ешкім де біле алмады», - дейді Мария.

Мария Пятина «Қазақстан аруы» ұлттық байқауына келесі жылы қатысады. Ол бірден ақтық сынға жолдама алатын болады.