Жобаның жалпы құны 62,7 млн теңгені құрайды, оның 60,2 млн теңгесі займдық қаражат, деп "Наш дом КZ" ЖШС директоры Виктор Голотвин Қарағанды облыстық әкімдігінде индустриаландыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мәлімдеді.
Кәсіпкер моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде алған банктік несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға ықпал ету туралы үйлестіру кеңесінің мүшелеріне өтініш білдірді.
Үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бұл өтінішті мақұлдады.
Кәсіпкер атап көрсеткендей, отбасылық жатақханада бөлмелер емес, бір бөлмелі және екі бөлмелі шағын пәтерлер жалға беріледі. Олардың жалпы саны – 57. В.Голотвин бір бөлмелі пәтер жалдау ақысы 25 мың теңге, екі бөлмелі пәтер 35-40 мың теңге болатынын айтады. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2014-2015 жылдар.
Үйлестіру кеңесінің отырысында техникалық сынақ және талдаумен айналысатын, ұйымдарда менеджмент жүйесінің жұмыс қалпын әзірлеу, енгізу және қолдау бойынша ақпараттық-ақыл кеңестік қызметтер көрсететін "ВЦ Консалтинг-Сертифик" кәсіпорнының несиесін субсидиялауды тоқтату туралы шешім қабылданды.
Үйлестіру кеңесінің төрағасына, облыс әкіміне «Даму» аймақтық кәсіпкерлік даму қорының директоры Марат Тамабаев баяндағандай, 22 млн теңге мөлшердегі несиені Ұлттық банк берген. Қаражат жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен жеке қорғаныс құралдарын сынақтан өткізу саласында зертхананы жабдықтауға арналған қондырғы сатып алуға бағытталған.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 17,3 млн теңге сомадағы қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны расталмады, дейді М.Тамабаев.
Облыс әкімі кәсіпкерлік басқармасына осы жоба бойынша жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. «Шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту үшін субсидияланған несие бойынша әрбір теңге мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Заң бұзушылық болмауы тиіс», - дейді Н.Әбдібеков.