Қарағандылықтар апаттан зардап шеккен Кемероволық шахтерларға көмек көрсетпекші

Жеделхатта облыс әкімі Қарағандылықтардың қаржылық және техникалық көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде "Миттал стил Теміртау" компаниясы көмір департаментінің кәсіподақ ұйымы да Қарағандылық кеншілердің атынан қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына көңіл айтты.
"Дәл осындай қайғыны біз де жуырда ғана басымыздан өткердік. Жүректегі жараның аузы жазылып үлгерген жоқ. Біздің бұл қайғымызды Кемероволық әріптестеріміз бірінші болып бөліскен еді",- деді "Миттал стил Теміртау" компаниясы көмір департаментінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Вячеслав Сидоров.
В.Сидоровтың айтуынша, "бүгін ресейлік кәсіподақ ұйымымен және шахта басшылығымен келіссөздер басталып, көмек көрсету жұмыстаын үйлестіру мәселесі талқылана бастады".
"Есаульская" шахтасындағы апат 9-ақпан күні таңертең болды. Алдын-ала мәлімет бойынша, апаттың шығуына өңделген лава учаскелерінде жиналған метанның жарылуы себепші. Қазіргі жағдаймен кен орнынан табылған 22 мәйіттің 18-і танылды. Апаттан зардап шеккен 5 адам ауруханаға түсті.
Апат болған сәтте шахтада Новокузнецк әскери тау-кен құтқарушылары отряды мен кеніш қызметкерлерінен құралған 30 адам соның алдында ғана табылған өрт ошағын ауыздықтау жұмысымен айналысып жүрген.