Қарағандының қоқысын жинаушылар жұмысқа шығудан жаппай бас тартты

Бұл адамдар Қарағандының басым бөлігін алып жатқан Қазыбек би ауданындағы жолдарда күні-түні жүреді. Аптап ыстық, жауын, күздің қара суығы немесе қыстың 40 градус аязына қыңқ демеген бұлар бүгін ұлардай шулай қалған. Себебі, жалақыдан жалақыға дейін әзер ілініп жүргенде, енді оның екі айдан бері берілмеуінен тіпті тұралап отыр.  

Тілеуберген Бекбаев, «Благоустройство» ҚММ жұмысшысы:

- Бастығы ауысқан дейді. Қол қоймай отыр екен.  Көшелереді дұрыс тазаламайсыңдар. Жумайсыңдар дейді. Олай болса, бүгіннен бастап жұмысқа шықпаймыз ақшамызды бермей.

Жұмысшылардың мұңын тыңдауға келген коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы бәріне мекеменің директорын кінәлады. Айтуынша, мемлекеттен қарастырылған қаржы бұлардың шотына артығымен аударалып қойыпты-мыс.

 Шолпан Жүсіпова, Қарағанды қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Көшелердің тазалығына 383 миллион теңге бөлінді. Бұл ақша сіздерге тамыз айына дейін жетуі керек еді. Қаражаттың қайда кеткенін директорларыңыздан сұраңыздар. 

Алайда мекеме басшысы шенеуніктерге мүлдем кереғар пікірде. Соңғы рет қаражатты мұндағылар сәуір айында көрген.   


Нұрлан Рақымбергенов, «Благоустройство» ҚММ директоры:

-Мамыр айының ақшасы бізге бөлінген жоқ. Біз атқарған жұмыстарымыздың есебін толық бердік, олар қабылдап алды. Барлық қол қойылған. Ал қаржының неге бөлінбей жатқанын өзіміз де түсінбей отырмыз.

Басшылар осылай бір-біріне сілтеп отырғанда, екі ортада еңбеккерлер кімнен маңдай тер ақыларын дауларын білмей отыр.

Мекеме басшысы ақшасыз отырған жұмысшыларын көшеге қуып шығара алмайтынын жасырмайды. Бірақ есеп-қисапты реттеу үшін биліктегілермен келісөз жасауға әзір екен. Өйткені шенеуніктердің айтқанының қисынсыз екені айдан анық дейді ол. Ымыраға келе алмаса, құзырлы органдардан төрелік іздемек. Ондай жағдайда қаладағы тазалықтың жайына қалатынынын да жеткізді.   

Loading...