Қарағандының «Шахтері» тарихи жеңіске қол жеткізді

Үлкен матч алдында «Астана-Арена» стадионында  ине шаншыр жер болмады. «Шахтерге» шабыт беру үшін 30 мың жанкүйер жиналған. Жерлестеріне қолдау білдірмек ниетпен бір Қарағандының өзінен 10 мыңнан астам адам Астанаға арнайы келіпті.

Екі жыл қатарынан елімізде ешкімге тізгінді бермей, чемпион атанып келген «Шахтер»-дің оңайлықпен берілмейтініне жанкүйерлер сенімді. Көпшілік тіпті отандық футболшылардың жеңісін алдын ала болжап та қойыпты.

Сонымен, қос команда кездесуі ә дегеннен тартысты басталды. Қарсыластар бірден шабуылды күшейткенімен Кумыков шәкірттері қонақтардың елімізде еркінсуіне жол бермеді. Ойынның 12-ші минутында «Шахтер» капитаны Андрей Финонченко мергендігімен көзге түсті.

«Шахтер» екінші таймды да сенімділікпен бастады. «Селтиктен» сескеніп жүрген кеншілер жоқ. Тараптар бастапқыда аз-кем алысты, ал ойынның 77-ші минутынада Хижниченко есепті еселеді.

Виктор Кумыков, «Шахтер» ФК бас бапкері:

- «Шахтер»екі голды да қарымта шабуылда салды. Дегенмен, бұл -біз Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жеттік деген сөз емес.  Шотландияда өтетін  ойын "Шахтерге" үшін оңайға соқпайды. Біздің басты мақсатымыз - топтық кезеңге жету үшін тең түсу.

Бұрын соңды Еуропаның азулы командаларымен кездесу өткізіп көрмеген «Шахтердің» «Селтикті» тізе бүктіруі талайларды таң қалдырған сыңайлы. Шетелдік басылымдар қарағандылықтардың жеңісін сенсацияға балауда. Біраз қателіктерге бой алдырғанынан «Селтик»-тің бас бапкері де мойындап отыр. Дегенмен, олардың әлі де мүмкіндік бар. Қонақтар Глазгода өтетін қарымта кездесуде есе қайтаратындарына сенімді.


Нил Леннон, «Селтик» ФК бас бапкері:

- «Шахтер»британдық стилде ойнады. Қарағандылық футболшылар  стандартты жағдайды шебер пайдаланады екен. Бірақ, біз әлі жеңілген жоқпыз, өз жерімізде өтетін ойында мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысамыз. 

«Шахтердің» «Селтикпен» ойыны Чемпиондар Лигасындағы үшінші кездесуі. Бұған дейін қарағандылық команда Беларустың «БАТЭ»-сімен және албаниялық «Скендербеуін» тізе бүктірген болатын. Енді қарымта ойын 28-ші тамызда Шотландияның Глазго қаласында өтеді. Қос матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.