Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс «бұзақылық» фактісі бойынша қозғалып отыр.
Полиция мәліметіне қарағанда, оқиғаға қатысы бар деген тоғыз адам тұтқындалған. Айтуларынша, төбелес болмашы дүниеден туындаған көрінеді.
«Оқиға осыдан үш күн бұрын болған. Басқа ауылдан келген жігіттердің темекі алуға 60 теңгесі жетпей қалады. Содан соң дүкеншімен арада дау шығып, ауыл жігіттері сырттан келгендерді соққыға жыққан. Тағы екі күннен кейін Қарамұрт пен көршілес Мадани ауылы тұрғындары жаппай төбелескен», - дейді сұхбат беруші.
Полицейлердің сөзйне сүйенсек, төбелес кезінде 14 автокөлік бүлінген. Екі дүкеннің қожайыны материалдық шығын келтірілгені туралы арызданған.
«ҚазАқпарат» тілшісіне ОҚО ІІД-нен хабарлады:
«Біз қазір БАҚ-қа ресми хабарлама дайындап жатырмыз. Аталмыш оқиғаға байланысты ҚР ҚК 257 бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, бүгін бірқатар БАҚ-та сәрсенбі күні Қарамұрт ауылында жаппай төбелес салдарынан 17 көлік пен 8 дүкен қиратылды және 4 адам жарақаттанғаны хабарлаған болатын.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.