Ол көпшіліктен соңғы жылдары не себептері шетелдегі қандастар елге қайтып келуге құмар емес екенін сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz. тілшісі.
Танымал журналист бұл ойын өзінің желідегі парақшасында мәлім етті. «Осыдан шамамен 20 жыл бұрын, “Жас алаш” газетінде істейтін кезімде шетел қазақтарын көшіріп алсақ, халқымыздың саны күрт көбейіп шыға келмей ме деп ойлайтынмын. Осы мәселе алаңдататын. Ол кезде жиырмаға да толмаған аңғал кезім. Енді бүгін…
Кеше “Отандастар” қорының басшысы Abzal Saparbekulyының пікірін көзім шалып қалды. Қандас жастарға жылда білім гранты бөлінеді. Жастарға зор мүмкіндік секілді, бірақ берілген грант толық игерілмейді (Оның себебі не болса да, қалай болса да, басты мәселе - шетелден ағылған қазақ жастары аз). Қазір мені осы сұрақ алаңдатады.
Қазір тәуелсіздік жылдарының басындағыдай көш жоқ. Көшіп келетін халық көшіп алды. Одан кейін де іштегі және сырттағы жағдай біраз өзгерді», - деп жазды ол.
Сонымен бірге журналист сырттағы қазақ жастары елге оралуға не себепті асықпайтынын атап өткен.
«Басқа шетелдің қазағына Қазақстан қызық шығар, бірақ қазір Қытайдағы қазақ жастарына Қазақстан аса қызық бола қоймас деп ойлаймын. (Қателессем, түзетіңіз, мүмкін аса білім-білігі жоқ немесе аса ұлтжанды жастар мен қытайланып кетуден қорқатын отбасылар келер) Қазір Қытай экономикалық тұрғыда әлемнің орталығына айналды. Қытай — мүмкіндіктер елі. Университеттері де әлдеқайда мықты. Дүниенің мен деген корпорацияларының барлығы сонда жұмыс істейді. Ал бізде не бар? Біз не береміз? Құрылыс істеуге Кореяға немесе қарға қууға Англияға аттандырамыз ба?
Меніңше, қазір Қытай - жаңа Америка. Айталық, АҚШ-тың латын континентіндегі көршілері Құрама Штаттарға жетіп алуды армандайды, сол үшін тілін үйренеді, сонда қажет мамандықты игереді, ал АҚШ-тан өз еліне асыққан латынамерикалықтарды 2 жыл сонда тұрғанымда көрмеппін.
Солай, ағайын! Іштегі іскер жастар шетелге көз қырын салып жүргенде (кімнен сұрасаң да, әйтеуір шетелге кеткен біреуі бар), сырттағы қазақ жастары ішке асыға қояр ма екен?.. Шетел қазағы Қазақ еліне қоныс аудару үшін не істемек керек?», - деп жазды ол.