Қармақшыда Жаңабек Жетіруовтың «Аққыз» фильмі көрсетілді

"Аққыз" фильмі бұл - қазақ халқының пайда болуы туралы мифологиялық көзқарасқа құрылған тың дүние. Сценарий авторы әрі фильмнің қоюшы режиссері, Сыр өңірінің тумасы Жаңабек Жетіруов «Аққызды» түсіргендегі ең бірінші мақсаты көрермендердің қазақи сана-сезімін қалыптастыру болғанын айтады. Яғни, халықтың назарын қазақтың төл мәдениетіне бұру. Бұл фильмнің негізгі оқиғасы бүгінгі заманда өтіп жатқанымен, фильмде көрініс табатын Асан қайғы, Қорқыт ата, Қарлығаш билер өткен заманда өмір сүрген ата-бабаларымыз бізді өз назарынан тыс қалдырмайды. Біз солардың назарындамыз деген ойды білдіреді.

Ұлттық кинематографияда өзіндік қолтаңбасы бар қазақ режиссерінің аталмыш фильмі Эстонияның Таллин, Үндістанның Дели, Түркияның Анталия қалаларында өткен халықаралық кинофестивальдерге қатысқан. Осылайша әлемнің әр шалғайын аралап келген картина аудан жұртшылығынан, көрермендерінен, зиялы қауымнан өзіне лайық жоғары бағасын алды.