Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек елді алаңдатқан Қарқаралының мәртебесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер Қарқаралы қаласының мәртебесі жайында сұрады.
"Қарқаралы қала мәртебесінен айырылуы мүмкін деген ақпарат шыққан еді. Осыған байланысты жергілікті халық алаңдап жүр. Ондай өзгеріс болуы мүмкін бе? Ол облыс экономикасына қалай әсер етеді?", - деп сұрады тілшілер.
Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселеге қатысты әкімдікке көп сұрақ түскен. Ұлттық экономика министрлігіне жазғандар да бар.
"Қазіргі кезде Қарқаралыда 9 мыңдай адам тұрады. Норматив бойынша қалада 12 мыңнан астам адам тұруы керек. Бірақ Қарқаралының орны ерекше. Біз осы мәселе бойынша үкіметпен де, министрлікпен де ақылдасқанбыз. Бүгінде ондай мәселе жоқ. Қарқаралы қала болып қалады", - деп атап өтті Қасымбек.
Айта кетейік, брифинге облыс әкімі аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға ерекше тоқталды. Оның мәліметінше, ауруханаларда науқастарға арналған орындардың толуы 4 проценттен аспаған. Бұл - республика бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. Жалпы, облыста эпидемиологилық жағдай тұрақты.