Қаршыға Ахмедияровтың отбасы қазақстандықтарға қиын кезеңде қолдау білдіргендері үшін алғысын білдірді

«2010 жылы маусымның 6-шы жұлдызында Атырау еліне жеткен қаралы хабарды алып, есеңгіреп отырған кезімізде, қайғымызға ортақтасып, отбасымызға көп демеу көрсеткендеріңіз үшін, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Республика Үкіметі, Мәжілісі және Сенат төрағаларына, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігіне, Астана, Алматы қалаларының және барша облыс әкімдеріне, еңбек ұжымдарына, оқу орындары мен мәдени ошақ басшыларына, театр-өнер қайраткерлері мен Қазақтың жақсылары мен жайсаңдарына, ақын-жазушыларға, тәуелсіз бұқаралық ақпарат көздеріне, редио және телевизия басшыларына, сондай-ақ, ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранға, басымызға түскен орны толмас ауыр қазаға ортақтасып, көңіл айтқан, ауыртпалықты көтерісіп, бөліскен, бас сүйеген Баршаңызға ризашылық сезімімізді білдіріп, шын жүректен Алғысымызды айтамыз», - делінген хатта.

ҚазАқпарат бұрын хабарлағандай, қазақтың белгілі композиторы, күйші, домбырашы, ҚР Халық әртісі Қаршыға Ахмедияров Алматыда 2010 жылдың маусымында, 65 жасында қайтыс болған.

Қаршыға Ахмедияров 1946 жылы наурыздың 25-інде Атырау облысы, Махамбет ауданының Таңдай ауылында дүниеге келді.

1972 жылы Алматы консерваториясының халық аспаптары факультетін бітірді. Қали Жантілеуов, Құбаш Мұхитов, Уәли Бекенов сияқты күй майталмандарынан дәріс алып, үлкен өнер жолына түседі. 1967 жылдан бастап Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, концертмейстер қызметтерін атқарады. Қ.Ахмедияровтың репетуарында қазақтың халық сазгерлерінің күйлері, орыс және Батыс Еуропа сазгерлерінің белгілі шығармалары орын алды. 1974 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданады, домбыра кафедрасын басқарады. Ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып, ол өңдеген қазақ сазгерлерінің шығармалары музыкалық оқу орындарында және концерттерде орындалды.
Қ.Ахмедияров тек шебер орындаушы ғана емес, ол зерделі зерттеуші, 60-тан астам күй шығарған талантты композитор ретінде де танылған тұлға. Оның «Шашақты найза, шалқар күй» атты кітабы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз-ғұмыр», «Аққайың», «Желдірме», «Алтын ұя» және т.б. күйлері елге кеңінен танымал. «Атырау», «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», «Шынар», «Табыну» атты күйлер жинағы жарық көрді. 500-ден аса күйлері радио, теледидар мұрағаттарында сақтаулы.

Талантты музыкант гастрольді сапармен дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, қазақтың қара домбырасының әсем сазын танытты.

Қазақ музыка өнерін дамытудағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін Қ.Ахмедьяровқа 1982 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі атақтары берілді. 2000 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.