52 жастағы әйел Алматы қаласында әйелдерді ақшаға төбелестіретін орталықтың заңсыз жұмыс істегенін айтты.
Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі Шолпан Тохтарханнан ол орталыққа қалай тап болғанын, бір жекпе-жекке қанша қаражат алғанын, қазіргі денсаулық жағдайын сұрап білген еді.
Қыздарды ақшаға төбелестіретін орталыққа қалай тап болдыңыз?
- Әкеміз ерте қайтыс болды. Ал, мен үйдің ең үлкені болғандықтан бауырларымды өсіріп-жеткізуде анама көмектесу үшін жұмысқа ерте араластым. Сол кездерде Өскемен қаласында автовокзалдың қасындағы үйлердің полын жуып, автовокзалда қонып, өмір сүріп жүрдім. Сондай күндердің бірінде таңғы алтының шамасында автовокзалдың әжетханасынан шығып келе жатқанымда екі жігіт ұстап алып, зорламақшы болды. Тоңқайып тұра салшы, біз тез бітіріп, кетеміз деді. Жіберіңдерші деп жалындым, бірақ олар оған көнбеді. Негізі мен қорқақ қыздардың қатарынан емеспін. Ауылда жігіттермен төбелесіп өскенмін, бәрі мені атаман дейтін. Қысқаша айтқанда, төбелестен құр алақан емес едім. Содан сол екі жігіт мені әбден ызаландырды. Біреуінің құлағын шайнап, екіншісінің мұрнының шетін жыртып қанаттым. Солай олармен аласып жатқанда адамдар жиналып, шу болды, милиция шақырды. Бәрі дұрыс шешіліп, менен таяқ жеген екі жігіт те, мен де оларға арыз жазбайтын болдым. Сол жердегі милициялардың бірі Алматыда досым бар, сол қыздарды ақшаға төбелестіреді екен. Саған ақшаға төбелесу керек қой деді. Ал менің сол кездегі бар ойым да, арманым да ақша табу болатын. Содан ол жігіт маған бір төбелеске 100 доллар аласың деді. Өзім доллар көрмегем, 100 доллардың қанша теңге екенін де білмеймін. Бірақ, ол жігіт бір төбелеске ол көп ақша ғой, деп мені қызықтырды. Мен келістім. Ертеңіне мені Алматыға баратын автобусқа салып жіберді. Алматыда мені бір жігіт күтіп алып, бір орыс шалдың үйіне әкелді. Бір күннен кейін мені төбелес болатын орынға апарып, Бойка деген украин қызымен төбелестірді. Төбелес Сайран автовокзалының сол жағындағы құмда болады екен. Алғашқы төбелесімде қарсыласым менің быт-шытымды шығарды, тіпті үш тісім босап қалды. Аузым қанап, көзім ісіп, бүйрегім ауырып, қатты таяқ жеп қалдым. Мен басында тағы төбелестіреді екен деп ойлағам, бірақ бір күнде бір бойға ғана шығады екенсің. Содан мені апарған жігіт сенде дух бар, бірақ техника жоқ екен деп, мені ертеңіне жаттығу залына апарып, бір жігітке тапсырды.
Арнайы тренермен жаттыққаннан кейін көп таяқ жемейтін болған шығарсыз?
- Ия, 1,5 - 2 айдай сол жерде жаттығып, төбелестің негізгі техникаларын меңгердім. Содан кейін мүлде таяқ жемей, жақсы төбелесіп жүрдім. Бір төбелеске 100 доллар алатынмын. Бұл құпия түрде өтетін төбелес еді. Көрермендер жиналып, ақша тігетін. Бірде бір ер адам маған ақымақ, мен саған осымен екінші рет ақша тігіп жатырмын, жеңілсең өзім өлтіремін деп айтты.
Төбелес апта сайын өтетін бе еді?
- Жоқ, айына екі-үш рет болатын. Қалған уақытта өзімнің тіршілігімді істеп жүретінмін.
Қарсыласыңыздың денсаулығына ауыр зақым келтірген кезіңіз болды ма?
Енді өзің таяқ жемес үшін, қарсыласыңды ұрасың. Бетінің сүйегі шытынап, тісі сынып қалып, қолы сынған жағдайлар болды. Екі рет бір қыздың сол жақ жағының астыңғы тістерін сындырдым, бір рет қарсыласымның сол жақ көзін қатты басып жіберіп, алмасын шығып кетті. Кейін маған қарсыластардың көзін қатты ұрма деп ескерту де жасады.
Төбелесті тамашалауға халық көп жиналатын ба еді? Негізгі көрермендеріңіз кімдер еді?
- Төбелесті көруге 50-100 шақты кісі жиналатын. Негізгі көрермендер құрылыста жұмыс істейтін жұмысшылар, бригадирлер, такси жүргізушілері еді. Бастықтар машинада отырып көретін. Төбелес болатын жерді қоршап қоятын. Милицияларға ақша беріп келісетін.
Төбелеске шығатындардың арасында қазақ қыздары көп болды ма?
- Мен білетін төбелесетін төрт қазақ қызы болды. Негізінен орыс, украин, ингуш қыздар көп болатын. Мен өзімнің ақшаға төбелесетінімді ешкімге айтпайтынмын. Ақшаға төбелестіретін иттер ұқсап деп, ұялатынмын. Мені төбелестіріп жүрген жігіт үй, көлік алды. Кейін сұрастырып білсем, маған бір төбелеске 300-500 төленеді екен. Ол маған 100 доллар беріп, қалғанын өзі алып жүрген екен. Мен өз ренішімді айтқан кезде ол маған енді бойға жақындамайсың деді. Екі айдан кейін 200 долларға барасың ба деп келді. Солай 200 долларға төбелесіп, ставкам көтерілді. Ал, соңғы екі бойды 500 доллардан төбелестім.
Өміріңіздің бұл кезеңін қалай сипаттар едіңіз.
- Ия, өмірімнің бұл кезеңі маған жақсы ақша алып келгенімен, денсаулығыма үлкен зиян әкелді. 52 - ге енді келсем де, бір аяқ, бір қолым істемейді. Кешкі 7-8 ден кейін тілім бұралып, сөйлей алмаймын. Аузымда өзімнің бір тісім жоқ, аяқтарым, қолдарым қақсайды, басым жиі ауырады, аяғымнан тік тұрсам басым айналады. Осының бәрі, жасыма жетпей мүгедек болып отырғаным төбелестің салдары. Мысалы, төбелесте жүрген орыстың, ингуштың қыздары бойдан алған ақшаға өздеріне система салдырып, денедегі қатып қалған тромбтарды еріту үшін массаж алып, өздерін күтетін. Ал, мен олардың біреуін де жасамадым. Сөз соңында, әйел адамдар өзіне көп жауапкершілік алмай, дұрыс өмір сүре білу керек деп айтар едім. Өмірмен күреспеу керек, өмірді сүру керек. Мен дұрыс өмір сүруді 50-ден асқан шағымда үйрендім.