Қазақстанның астанасы бұған дейін сан мәрте ауысып келіп, тарихы тереңде жатқан қазіргі Астана қаласына түпкілікті орнықты. Астана қалай астана болды? 1994 жылғы шілденің 6-сы күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы қаулысы қабылданды. Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Көп кешікпей, 1998 жылғы маусымның 10-ы күні Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке маусымның 10-ы күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні атауы беріліп, оны атап өту - шілденің 6-сына бекітілді.
Аз ғана уақыттың ішінде сәулет өнерінің заманауи үлгілері негізінде әлемдегі әсем қалалардың біріне айналған жаңа Астана бүгінде - тың идеялар мен нақты істердің ұйытқысы, елдігіміздің тұғыры, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі. Әрине, қазақ елінің жүздеген ғасырлар бойғы арманы орындалып, егемендік тұсауы енді кесіліп жатқанда, Сарыарқаның төсіндегі маң далада астана тұрғызамыз деген идеяны қолдаушылармен қатар, сарыуайымшыл жорамалдар да аз болған жоқ. Көп ұзамай Елбасы Н.Назарбаевтың бұл көрегендік шешімі идеядан іске асты. «Ең қиын жылдары біз қала салуды бастап, елдің жаңа байтағы - Астананы, осыны жүзеге асыра алатынымызға ешкім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны бүкіл әлем көріп отыр», деп атап өткен болатын Н.Назарбаев өзінің «Дағдарыстан - жаңару мен дамуға» атты Жолдауында.
Қазір баһадүр бабаларымыз бен қаһарлы хандарымыздың орда тіккен Есіл бойында - құлпырып Астана тұр! Қазір дүниежүзін аузына қаратып, таңдай қақтыртқан - Астананы көрген де арманда, көрмеген де арманда!
Мемлекеттілік ұғымының өзі ең алдымен оның астанасымен астасып жататынын ескерсек, дәл қазір төрткүл дүние Қазақстан мен Астана атауларын бөле-жармай, сол арқылы елімізді жаһандық жаңару мен өрісін кеңейтудің үлгісі ретінде таниды. Қазір Қазақстан - елі мен халқы жері мен жағрапиясы сияқты өзімен бірге өзгелерді бірбіріне жалғайтын бауырлас, меймандос және бейбітшіл, ХХІ ғасырдағы жаһандану үрдісінің позитипті дамуына әсер ететін тамаша ел.
Осыдан екі жыл бұрын алты алаштың абыройын асқақтатып, алты құрылыққа сауын айтып, Астананың онжылдық тойын ұлан-асыр етіп атап өттік. Ол қуанышты бірқатар шет ел мемлекеттерінің басшылары бастап келген қонақтар да бөлісті. Бұл мыңжылдықтар тоғысында қала тұрғызған Қазақ елінің ерік-жігерін, қажыр-қайраты мен береке-бірлігін мойындатқан нағыз ерліктің үлгісі болғаны хақ.
Бүгінде Астана күні үлкен салтанатпен атап өтілетін мемлекеттік мерекелердің бірі. Өз сөзінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов:
Астана күні - біздің мемлекетіміздің егемендік, дербестік, даралық сипатын нақтылау тұрғысынан қарағанда Тәуелсіздік мерекесінен кейінгі аса салмақты әрі маңызы терең мерекенің бірі», - деп атап өткен болатын.
Елорданың туған күні биыл да жылдағыдай кең көлемде атап өтілмек. Мерекелік шаралар дәстүр бойынша «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде ел Президенті Н.Назарбаевтың Мемлекеттік Туды 111 метр биіктікке көтеру салтанатынан басталады (шілденің 4-і). Рәсім барысында Мемлекет басшысы -ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шендер тапсыратын болады.
Негізінен мерекелік көңіл күйді қалыптастыратын шаралар, ресми іс-шараларға дейін бірнеше күн бұрын басталып кеткен болатын. Маусымның 28-і күні әлемге әйгілі продюсер және режисер Тимур Бекмамбетов Астананың 12 жылдығы құрметіне қазақстандықтарға әлемдік деңгейдегі нағыз кино мерекесін сыйлады. Киносүйер қауым Есілдің сол жағалауында бірегей сәулеттік дизайн бойынша тұрғызылған «Қазақстан» Орталық концерт залының алдына төселген қызыл кілемнен шетелдік әртіс Дольф Лундгренді, былғары қолғап шебері Майк Тайсонды, продюсер Харви Вайнштейн мен әртіс және режиссер Шарлто Коплейді, режиссер Егор Кончаловскийді, ресейлік киномайталмандар Слава мен Сергей Бодровты, Елена Захарова мен Владимир Машковты, Алика Смехова мен Дмитрий Певцовты және тағы басқаларын көре алды.
Т.Бекмамбетовтың айтуынша, Экшн-фильмдердің халықаралық кинофестивалын өткізу идеясы продюссер Майкл Симпсон екеуіне олардың Астана қаласына жасаған сапары барысында туындаған. Елорда басшысы И.Тасмағамбетовтың тарапынан қызу қолдау тапқан «ASTANA» кинофестивалы енді дәстүрге айналмақ. Көрермендер бес күн бойы АҚШ, Еуропа, Азия мен ТМД елдерінің 20-ға тарта танымал толықметражды картиналары мен жаппай көрсетілімге әлі шықпаған жаңа фильмдерді алғашқы болып көру мүмкіндігіне ие болды.
Одан кейін іле-шала, маусымның 30-ы күні Минералды ресурстар және металлургия бойынша І-ші қазақстандық халықаралық конгресс басталды. Бұл салаға арналған 1-ші конгрестің биылдан бастау алуы тегін емес. Себебі 2010 жыл - Қазақстан 2030 Стратегиясы аясындағы үдемелі индустриялық-инновациялық ұмтылыс бесжылдығының басталған жылы. Қазақстанның бәсекеге аса қабілетті салаларының бірі болып табылатын кен және металлургия кешені 2009 жылдың қорытындысы бойынша елдегі өнеркәсіптік өнімдердің 16,9 пайызын шығарады, экспорттың жалпы көлеміндегі оның үлесі 19,6 пайызды құрайды. Бұл салада жұмыс істейтіндердің саны 164,5 мыңнан асып жығылады. Бүгінде Қазақстанның кен және металлургия саласына шетелдік сарапшылардың беріп отырған бағасы да жоғары және алдағы 5 жылда ол қарқынды даму жолына түседі деген болжамдар жасауда.
Ал шілденің 1-і мен 3-і аралығында Айман Мұсақожаеваның концерті, Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылық кеші, Алматы, Павлодар, Мәскеу театрлары ұжымдарының қойылымдары өтпек. Осы күндері қазақстандықтар сондай-ақ, белгілі ресейлік кино және театр әртісі Сергей Безруковтың ойнауындағы «Хулиган» спектаклін қызықтай алады. Сонымен бірге, қаланың 10 жылдығымен негізі қаланған этно-музыкалық «Астана-арқау», көшпелілер өркениеті «Астана - мыңжылдықтар арқауында» және «Толқындар әуені» классикалық музыка фестивальдары биыл да жалғасын табады. Өткен жылы «Толқындар әуені» классикалық музыка фестивалы «Қыз Жібек» операсына арналған болса, биыл астаналықтар ерке Есіл жағалауының бойында шырқалған әсем әуенге еліте, қалықтай билеген балет бишілерінің өнеріне тәнті болмақ.
Шілденің 4-і мен 6-сы күндері қаланың мәдени және спорт алаңдарында өтетін концерттер, қойылымдар мен жұртшылықтың серуендері, кулинарлық жәрмеңкелер, ойын-сауық және сауда орындарындағы көптеген түрлі акциялар мен ұтыс ойындары мейрамды одан бетер қыздыра түседі.
Дәстүрге айналған шаралардың тағы бірі - «урбандық мәдениет» фестивалы. Жас қаламен бірге қанаттары қатайып келе жатқан жеткіншектерге арналған шара «Мега» ойын-сауық орталығының алаңында өтпек. «Эсктрим толқыны» шоу қойылымына өңірлерден үздік брейк-данс ұжымдары, паркур бойынша Қазақстанның 12 үздік командасы, сонымен бірге скейтбординг пен роллингтің хас шеберлері қатысып, өнерлерін ортаға салады.
Биыл жылдағыдай Елбасының қатысуымен жаңа нысандардың салтанатты жағдайда іске қосылуы болмайды. Оның орнына елордалықтардың көптен күткен - «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы өз есігін айқара ашпақ (шілденің 5-і). «Хан Шатыр» ОСО әлемдегі ең үлкен кешендердің бірі, оның авторы - танымал ағылшын сәулетшісі Норман Фостер. Шыны шатырлы алып орталықтың астында отбасылық демалыстарды тамаша өткізуге арналған жүзу бассейні, аквапарк, жабық жағажай, гольф ойнайтын кіші алаң, кішігірім көлшік пен ботаникалық саябақ, сонымен бірге, концерт залдары мен бес жұлдызды отель орналасқан. Ұйымдастырушылар, Орталықтың тұсаукесер рәсімін әсерлі шоу-бағдарламаға айналдыруды әуеде етуде.
И.Тасмағамбетовтың айтуынша, мерекелік шаралар - тек көңіл көтеруді ғана емес, сонымен қатар көңілді тазартуды, мәдени тұрғыдан дамуды көздейді. «Сол себепті Астана күніне арналған іс-шараларда қазақ мемлекетінің тарихи тағдырының, рухани тамыры мен мәдени болмысының көрініс табуына барынша зейін қойдық», - дейді.
Осы ретте ұйымдастырушылар мерекелік бағдарламадан ұлттық спорт ойындарын да тыс қалдырмағанын көруге болады. Олардың арасында жыл сайынғы «Алтын сақа» ұлттық ойыны бойынша қалалық ашық турнир бар. Сонымен бірге, «Астана» ұлттық велокомандасының көшбасшылары Александр Винокуров пен Альберто Контадордың қатысуымен Астана Кубогы үшін бұқаралық веложарыс ұйымдастырылады.
Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, Отандық патриотизмді дәріптеуді көздейтін Кітап және поэзия мерекесінде халқымыздың ақын-жазушыларының шығармашылығы кеңінен насихатталып, Алаштың үш арысы - С.Сейфуллин, І.Жансүгіров пен Б.Майлинның өмір жолдарынан үзінді қойылымдар көрсетіледі.
Астананың туған күнін ұмытылмастай етіп өткізу үшін қонаққа есімдері әлемге мәшһүр өнер саңлақтарын шақыру дәстүрге айналған үрдістер. Биыл қазақстандықтар үшін Астана төрінде Игорь Крутойдың рояльда сүйемелдеуінде посткеңестік кеңістіктегі ең танымал орындаушылардың бірі Александр Серов пен орыс баритоны, опера жұлдызы Дмитрий Хворостовский сонымен қатар, опера әншісі Андреа Бочелли, америкалық танымал джаз орындаушылар Николь Хэнри мен Кимберли Дэвистер өнер көрсетеді. Сондай-ақ атақты ресейлік пианист Денис Мацуев концерт бермек.
Тойдың шырқау шыңы - шілденің 6-сы күні «Астана-Арена» алаңында отандық және әлемдік өнер жауһарларының қатысуымен өтетін «Асқақтай бер, Астана!» концерті болмақ. Сергей Лазарев, «Город 312», «Инь-Янь» және «А Студио» топтары мен r&b Ne-Yo және Morandi мерекелік шаралардың жабылу гала-концертін нағыз жұлдызды кешке айналдыратын болады.
Айта кетейік, ұйымдастыру комитеті белгілеген билеттердің құны 750 теңге мен 100 мың теңге аралығында. Мәлім болғандай, бүгінгі күнге дейін билеттердің басым саны сатылып кеткен.
Демалушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету үшін мереке күндері қалалық Ішкі істер департаментінің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті толық көлемде қадағалайды. Көлік кептелістерін болдырмау мәселесі де жылдағыдай оңтайлы ұйымдастырылатын болады.
Естеріңізде болса, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, шілденің 6-сы - Астана күні мемлекеттік мереке ретінде бекітілді. ҚР Үкіметінің ағымдағы маусым айының 23-і күні қабылдаған қаулысына сәйкес, демалыс күні 2010 жылғы шілденің 3-індегі сенбіден шілденің 5-і, дүйсенбіге ауыстырылды. Яғни демалыс күндері болып шілденің 4,5 және 6-сы саналады. Сондай-ақ осы қаулыға сәйкес, 2010 жылғы шілденің 5-і күні еңбек, материалдық және қаржылық реурстармен қамтамасыз етілген ұйымдарға қажетті өнім шығару, қаржыны қоса алғанда, қызмет көрсету, сондай-ақ құрылыс нысандарын іске қосу үшін кәсіподақ ұйымдарымен келісе отырып, жұмыс жасауға құқық беріліп отыр.