Қаржы министрі: Қазақстанның сыртқы қарызы шамамен ІЖӨ-нің 20 пайызын құрайды

Еске салсақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Ол бойынша Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді.

Депутаттар сауалына жауап берген министрдің сөзіне қарағанда, тұтастай алғанда мемлекеттік қарыз бюджеттің тапшылығына қатысты болып табылады. Ал бюджет тапшылығы шығыстардың тұтынылу қажеттігіне байланысты орын алады.

«Еліміздегі бюджеттік шығыстар негізінен бүгінгі күні сексен пайыздан асып отырған әлеуметтік саланы, сонымен бірге ағымдағы шығыстарды құрайтыны белгілі. Біз соңғы жылдары республикалық бюджетті бір жарым триллион теңгеге оңтайландырған болатынбыз. Соған сәйкес, былтырғы жылы бюджет тапшылығы шамамен үш пайызды құрады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда еліміздің ІЖӨ өсімі болжанған деңгейге көтеріле алмады. «Қазақстан сыртқы қарыздың шамасын ІЖӨ-нің 45 пайызына дейін көтеру мүмкіндігіне ие. Біз солай айқындаған болатынбыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіштің шегі ІЖӨ-нің 60 пайызына дейін жетеді. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім бойынша біз қарызды елу пайызға дейін көтере аламыз. Қазіргі біздің жағдайымыз бұл көрсеткіштен әлдеқайда алыс», - деп түсіндірді министр Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, мұнайға әлемдік бағаның құлдырауы бюджет түсімдеріне әсер етіп, соның салдарынан соңғы жылдары елімізде бюджет тапшылығы мен бюджетке түсімдер көлемінің азаюы орын ала бастаған. «Қазіргі жағдай бойынша Қазақстан сырттан қарыз тартудың барлық жағдайларына төтеп бере алады. Біз алдағы уақытта бюджет тапшылығын бір пайызға дейін төмендетуді де жоспарлап отырмыз. Қарызды қайтару бойынша да Қазақстанда ешқандай проблемалар болмауы керек. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы қарызының жалпы сомасы 9 миллиард долларды құрайды. Бұл ІЖӨ-нің шамамен 20 пайызына тең», - деді Қаржы министрі.