"Тергеу жаңа басталды. Қылмыстық іс жаңа қозғалды. Күлекеев мырзаның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабының 5-тармағы (Лауазымды тұлғаның аса ірі көлемдегі пара алуы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Оның айтуынша, ақша сәуір айының ортасында өтуі тиіс тендерді жеңіп алу үшін берілген. Тендер құны - 400 млн теңге. Жеңімпазды анықтау үшін делдал арқылы 100 мың АҚШ доллары талап етіліп, сосын төленген.
"Мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезіндегі заң бұзушылық заңсыз табыс табу әдістерінің бірі ғана. Өткізілетін тендер сомасына байланысты қатысушыдан белгілі бір көлемдегі ақша заңсыз сыйақы ретінде сұралады. Оның пайызы тендер сомасы мен жұмыс түріне байланысты. Бұл жағдайда бізге арыз жазған ұлттық компанияның жұмысшылары. Тергеу амалдарына сәйкес олардың аты-жөндерін атай алмаймын. Жәбірленушілер де бізге арыз түсірді. Соңғы күндері оларға ауқымды ықпал ету амалдары жүргізілгені соншалық, олар өздерінің мәлімдемелерінен бас тартты", - деді қаржы полициясының өкілі.
Сол күні жолаушылар тасымалы орталығы басқармасының бастығының орынбасары Жанар Нұрабай да тұтқыдалған. Ол Ресейге астық жөнелтпекші болған кәсіпкерден әрбір вагонына 10 мың теңге сұраған.
"Мәселе бопсалау туралы бәрі шағым айтқанымен ешкім арыз түсірмеуде болып тұр. Іс жүзінде барлығы арыз беруден бас тартып отырды. Сондықтан біз қылмыстық ортаға өз адамымызды кіргіздік (жедел іздестіру туралы заң бұған рұхсат береді). Ол қылмыстық іс-әрекеттер жасағандай көзбояушылыққа барды. Ең қызығы, бұл компанияның лауазымды тұлғаларының тексеру механизмі қалыптасып үлгерген. Вагондар сұраған кезде олар вагондардың барлық құжаттарын сұрап, тексеру үшін вагондар тұрған орынға барып, ондағы элеваторларда Ресейге жөнелтілгелі тұрған астық бар ма, жоқ па - қысқасы, барлығын тексеріп шықты. Жергілікті станция басшыларымен әңгімелесті. Тек осыдан кейін ғана бірінші және екінші транш алдық. Осы мәселе бойынша жалпы сома 500 мың теңгені құрады. Қазір директордың орынбасары тұтқындалған. Оған айып тағылған", - деді Қ. Қожамжаров.
Оның айтуынша, ұлттық компанияларда, атап айтқанда, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ лауазымды тұлғалардың баюына есептелген қылмыстық істер туралы ақпарат қаржы полициясында жеткілікті жинақталған.
"Басшылар кәсіпкерлермен жоғары баға бойынша жұмыс жасайтын бірқатар экспедиторлық топтарды құрған. Яғни, компанияның жеңілдіктері мен вагондарын заңсыз пайдалана отырып көліктік қызметтерді көрсетеді. Алынған қаражат жалған кәсіпорындар желісін пайдалана отырып, қолма-қол ақшаға айналдырылады және жекешеленеді. Бұған қатысы бар тұлғалар саны әлі де артуы мүмкін. Біздің жұмысымыз қазіргі уақытта енді-енді басталып келе жатыр", - деді қаржы полициясының өкілі сөзін қорыта келе.
Естеріңізге сала кетсек, Ж. Күлекеевті Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің қызметкерлері 1 сәуірде тұтқындаған болатын.
Жұма күні "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басшысы болып Асқар Мамин тағайындалды.