Қаржы полициясы “Сары Алмаз”-дың бауырына іздеу жариялады

Биыл қыркүйекте «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясына қарасты “ТрансТелеком”-ның бұрынғы вице-президенті Мұхтар Әбдрахманов құрықталған болатын. Шенеунік қазынаның 4 млрд теңгесін қалтасына басыпты. Қаржы полициясы енді оның жалғыз әрекет етпегенін анықтап отыр. Мемлекеттің ақшасына Әбдрахмановтың бастығы Асқар Нәсенов те қол сұққан. “Транстелеком” компаниясына 2002-2007 жылдар аралығында жетекшілік еткен 47 жастағы Нәсенов қазір іздеуде жүр. Ал оның туған бауыры Несіпбай Нәсеновтің 90-шы жылдары қылмыстық ортада аты алысқа кеткен еді. Бір рет сотталып, бостандыққа шыққан бойда Испанияға қашқан “Сары Алмаз” ақыры жат жерде оққа ұшқан болатын.


Мұрат Жұманбай, Қаржы полициясының ресми өкілі:

- Астана қаласы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы маманының қорытындысына сәйкес “ТрансТелеком” АҚ мен “КТ&Т” ЖШС арасындағы келісім-шарт жалған мәміле болып табылады. Бұл мемлекеттің 4,1 млрд теңгесінің негізсіз төленуіне әкеліп соққан.