Қаржы саласының маманы Орта жүз руларына арналған монеталар жасап шығарды

Железин ауданының тұрғыны Нұрлан Мұхамеджанов Орта жүздің Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей руларына арналған монеталар жасап шығарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Нұрлан Мұхамеджанов темірден қолөнер бұйымдарын жасауды өткен жылы бастаған. Ол ең алдымен Павлодар облысының «Ертіс» футбол клубының 50 жылдық мерейтойына орай және «Ертіс» хоккей клубына арнап темірден естелік тиындарын соғып, спортшыларға тарту етіпті. Сонымен қатар, кейбір монталары Ауған соғысында қаза тапқан құрбандарға арналса, кейбіреуі Кеңес одағының батырларына арналыпты. Соңғысына өзінің жерлесі, Ұлы Отан соғысының батыры Иван Бабиннің суретін салып жасапты. Ал, Орта жүз тайпаларының ерекше құндылықтарын белгілеген монеталарды шебер биыл ғана қолға алыпты.

"Биыл Павлодар қаласында өткен «Ұлы Дала» фестиваліне қатысқан болатынмын. Шарада өңітүстік өңірлерінің қолөнер бұйымдары көрсетілді. Содан кейін қазақтың Орта жүз руларынарналған естелік тиындар жасай бастадым. Бұл кәдесый ретінде қолдануға арналған. Өйткені, қазір ешкім мұндай дүниелерді бір-біріне сыйлай бермейді. Қазір менің қолымнан шыққан дүниелерге жұрттың назары ауа бастады. Тапсырыс беріп жатқандар бар. Отбасылық мерейтойларға және басқа да мерекелік шараларға байланысты тапсырыстарды қайблдаймын. Мен жасаған кәдесыйлар Павлодар қаласындағы «Караван» сауда үйінде сатылады, - дейді Нұрлан Мұхамеджанов.

Айта кету керек, қолөнер шебері бұл іспен енді кәсіби түрде шұғылдануды жоспарлаған. «Құлагер» деген атаумен тіркелген жеке кәсіпкерлігі де бар. Алдағы уақытта шебер Железин ауылының 300 жылдық мерейтойына арналған естелік тиындарын жасап, жерлестеріне тамаша тарту жасамақшы.