Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының Ұлттық банк басқармасының 2000 жылғы 26-ақпандағы "Екінші деңгейдегі банктердің резервтік капиталының төменгі мөлшері туралы" №70-ші қаулысына өзгерту енгізу туралы" №256 қаулы қабылданған.
"Банк қызметін іске асырумен байланысты шығындарды жабу мақсатында банктер таза табысынан бастап қарапайым акция бойынша дивиденд төлеуге дейін резервтік капитал қалыптастырулары керек. Аталмыш қаулыға сәйкес, 2008 жылдың 1-мамырынан бастап банктердің резервтік капиталының мөлшеріне деген талап өзгермек. Ол банктердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жіктеуге жататын ссудалық портфелінің 2 пайызынан кем болмауы тиіс", - деп атап көрсетті Қаржылық бақылау агенттігі.
Алдын-ала жүргізілген бағалаулар бойынша, қаулы күшіне енгеннен кейінгі резервтік капиталдың жалпы мөлшері 3 есе өседі және бірінші деңгейдегі капиталға оң ықпал етеді, деп күтілуде.
Сонымен қатар, "Екінші деңгейдегі банктердің жарғылық және өзіндік капиталының ең төменгі мөлшері туралы", сондай-ақ, Агенттіктің 2004 жылдың 25-қазанындағы "Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізу туралы" №304-ші қаулысына (жаңа мәтіндегі) өзгерістер енгізу туралы" №257 қаулы қабылданды. Оған сәйкес, Агенттік басқармасының осыған дейінгі 2001 жылдың 2-маусымында шыққан "Екінші деңгейдегі банктердің жарғылық және өзіндік капиталының төменгі мөлшері туралы" №190-шы қаулысы өзінің күшін жояды.
Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің ақпаратына сүйенсек, аталмыш қаулы арқылы өзіндік капитал мөлшерін (қазіргі ең төменгі мөлшер - 1 млрд теңге) 2009 жылдың 1-қаңтарынан 1,5 млрд теңгеге дейін, ал 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап 2 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделуде.