Қаржылық бақылау агенттігі жылжымайтын мүлік рыногындағы тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізуді ұсынады

Агенттік ақпаратына сәйкес, банк жүйесіндегі жалпы несиелік қоржынның 37,9 проценті ипотекалық несиелердің үлесіне тиеді. Б.Жәмішевтің пікірінше, жылжымайтын мүлік рыногының айрықша қызынуына байланысты баспана бағасына түзету енгізіле қалған жағдайда аталмыш үлес салмақ қиын-қыстау жағдайға қалдыруы ғажап емес.

Ж.Жәмішев жылжымайтын мүлік рыногының әсіре қызынуына байланысты туындаған ахуал өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Жапонияда дағдарыс етек алуына түрткі болғанын ескертіп өтті. Дегенмен, агенттік төрағасы нақты ахуалы көбінесе әліптің артын бағуға негізделген аталмыш рынокта уәкілетті органның шұғыл әрекеттерге баруы жағдайды тіптен ушықтырып жіберуі ықтимал екенін ескертті.
Осыған байланысты Қаржылық бақылау агенттігі түбегейлі әрі шұғыл шаралар енгізуге кеңес бермейді. Агенттіктің ұсыныстары тек дабыл сипатында ғана болмақ. Дегенмен, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі ипотекалық несиелер таратумен шұғылданатын банктердің ликвидтілігіне қойылатын талаптарды күшейту, жылжымайтын мүлікті бағалауға қатысты талаптарды белгілеу, жылжымайтын мүлікке берілетін несиелер бойынша резерв қоржын түзу қажет деп санайды.