Қаржылық қиындықтардың кесірінен мыңдаған студент оқуын жалғастыра алмаған

Өткен оқу жылында Қазақстанның ЖОО-дағы студенттер саны 4%-ға артты



Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2016/2017 жылдардағы оқу жылында 17 мың студент қаржылық қиындықтарға байланысты оқуын жалғастыра алмады, деп хабарлайды Ranking.kz сараптама порталы.Порталдың мәліметіне сүйенсек, 2006 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттер саны жыл сайын орта есеппен 5%-ға кеміп келе жатқан еді. Сол себепті шәкіртақы алушылардың саны жалпы көлемде ұлғайған. 2011/2012 оқу жылында олардың үлесі 23 %, ал 2015/2016 жылы 31 % болды. Бірақ былтырғы оқу жылымен салыстырғанда ЖОО студенттерінің саны биыл 4 %-ға көбейіп, 477 мың адамға жетті, ал шәкіртақы алушы студенттер саны 3 мың адамға қысқарды. Нәтижесінде шәкіртақы алушылардың жалпы үлесі 29,4 %-ға дейін төмендеді. Жеке меншік оқу орындарындағы шәкіртақы алушылардың үлесі 17 %, ал мемлекеттік оқу орындарында — 44 %. Биыл мемлекет студенттерге шәкіртақы төлеу үшін 13 %-ға көп қаражат жұмсайды, яғни 56 миллиард теңге.