Қаржылық ұйымды жарнамалған шоу-бизнес өкілдері жауапқа тартылады

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы shownews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, дәл осы ұйымды жарнамалауға ат салысқандар қатарында бірқатар отандық шоу-бизнес өкілдері бар. Басы дауға қалған әртістер, бүгінде алданған салымшылардан айыптамауларын сұрап, әлекке түсуде. Белсенділік танытқандардың тізімінде Төлепбергеннен бөлек, ағайынды Төлеповтер мен танымал вайнер Мейіржан Төребаев та бар. Олар әлеуметтік желіде кешірім сұрағанымен, бүгінде мәселенің мән-жайын білгісі келген БАҚ өкілдерін көрсе, ат тоңын ала қашуда.

«Сұрағыңызға жауап бере алмаймын», – дейді Айқын.

«Бұл тақырып қызық емес», – дейді вайнер Мейіржан Төребаев.

Әп сәтте елді дүрліктірген жағдайдан өзге әншілер де хабардар. Әли Оқаповты да бұл мәселе толғандырмай қоймапты. Десе де өнер иесі әріптестерін қаржылық тұрғыдан сауатты болуға шақырды.

«Жеңіл ақша болмайды ғой. Біздің көзіміз соған қайтадан жетті. Жалпы мұндай алдау операциялары ТМД-да да, біздің елде де болды. Әрқашан да жеңіл жолмен немесе тез ақша табуға кәм болсын ұмтылады, үміттенеді. Бірақ өкінішке орай ол мүмкін емес», – дейді Әли Оқапов.

Артур мен Асылхан да дәл осы даудың ортасында жүр. Төлеповтер бастапқыда алаяқ ұйымды жарнамалап, жарияға жар салғанымен, ақыр соңында өздері де 13 миллион теңгеден қағылғандарын айтады. Ағайынды жігіттермен талайдан таныс Тәуекелдің де бұл тақырыпқа қатысты айтары бар.

«Егер алаяқтар болса, қаражатты көбейтіп береміз десе де біз жарнамаға келіспейміз. Бастысы бізге имидж, өзіміздің абыройымыз. Қасықтап жинап жатқан абыройымызды төгуге дайын емеспіз», – дейді Тәуекел.

Мұндай ұсыныс Тәуекелге де сан мәрте түскен. Алайда Төлеповтермен бір ортада жүріп, тығыз араласқанымен, жігіттердің өмірлік ұстанымы әртүрлі. Мәселен Мүсілім қандай жарнама болсын жіті қадағалап алуды жөн көреді. Және өнер өкілдерінің бұдан былай сақ болуын сұрайды.


«Біз ұсыныстарды қарастырамыз. Компания жайлы толықтай ақпарат аламыз. Келісімшарт жасаймыз. Егер қоғамға зияны жоқтығына көзіміз анық жетіп жатса, сенімді мекеме болса онда біз жарнама істеуге дайынбыз», – дейді Мүсілім.

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы алданған халықтан әртістер кешірім сұраса да, қалың жұрттың өкпесі қара қазандай.

Халық осындай әншілерге сеніп барады. Ломбард болған соң түсінікті ғой бәрі.

Жарнама үшін алған ақшаларың желкелеріңнен шықсын!, – деп жазды желідегілер.

«Қарға, қарғаның көзін шұқымайды». Әли Оқапов қыруар қаржысынан айрылған жандардың жағдайын түсінгенімен, сабырға келуін өтінді.

«Олар біріншіден өздері алданған. Көлігін, ақшасын салған. Мен Мейіржанды да, Айқынды да, Асылханды да танимын, Артурмен де араласамын. Сондықтан оларға ренжудің немесе қарғаудың қажеті жоқ сияқты», – дейді Әли Оқапов.

Айта кетейік, алдағы уақытта қаржылық пирамиданы жарнамалаған  отандық шоу-бизнес өкілдері мен вайнерлер жауапқа тартылып, 530 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.