В.Школьниктің хабарлауынша, Қазақстанынң бұл жобаға қатысуы туралы "принциптік шешім" соңғы Лондон кездесуі барысында қабылданды. "Қазақстан бұл проблеманы тек мәміле негізінде шешу жөнінде берік ұстанымнан айнымайды. Бұл келісімге қол қоюға заңды құқығы бар екеніне қарамастан, өзара түсіністікке қол жеткізу қажет деп санайды",- деді министр.
5-қарашада Лондонда өткен кездесу қорытындысы бойынша, "консорциумға кіретін бүкіл компаниялар Қазақстанның консорциумға мүшелікке өтуге бағытталған талпынысына қолдау көрсету туралы шешімді бір дауыстан қабылдады. Демек, Қазақстан көздеген үлесін сатып алу мүмкіндігіне ие болады",- деді В.Школьник. Дегенмен, энергетика және минералды ресурстар министрі Қазақстан дәл қандай үлес сатып алады деген мәселе "әлі де талқыланады" деп атап көрсетті. "Қазақстан көбірек үлес иемденуді көздеп отыр",- деп мәлімдеді В.Школьник.
Қашаған кенішін игеру жобасынан BG үлесі сатып алу жөніндегі келіссөздердің кезекті раунды желтоқсан айының басында өтеді. "Бұл кездесу елімізде, Астанада өтуі мүмкін",- деді В.Школьник.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ұлыбританияның BG тобы Қашаған жобасындағы 16,67 проценттік өз үлесін сатуға ниет білдіріп, оны жобаға қатысушы италиялық Eni, Ұлыбритания мен Голландия біріккен Royal Dutch/Shell, францияның Total, американдық Exxon Mobil және ConocoPhillips, сондай-ақ, жапониялық Inpex компанияларға қылдай бөліп беруге ұсыныс жасаған. Өз кезегінде Қазақстан үкіметі BG акцияларының қоржынын толық сатып алуға құлық танытты.
Қашаған кенішін игеру жобасының операторы болып табылатын Agip KCO консорциумына BG Group, Exxon Mobil, Inpex Masela Ltd., Phillips, Shell және TotalFinaElf компаниялары біріккен. Қашаған кенішіндегі алғашқы мұнай Восток-1 ұңғысында 2000-жылдың жазында табылды. Кеніштегі дәлелденген мұнай қоры 11 млрд. баррельді (1,5 млрд. тонна) құрайды. Agip KCO Қашаған кенішінде өнеркәсіптік мұнай өндіре бастау мерзімін 2007-жылға межелеп отыр.