Қашаған кенішін игеруші BG тобы жобадағы 16,67 проценттік өз үлесін сату шарасын 6-сәуірге дейін аяқтамақшы

Баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, BG тобы үлесті жоба бойынша әріптестері болып табылатын италияның ENI, францияның Total, американдық Exxon Mobil және ConocoPhillips компанияларына сату арқылы 1,8 млрд. доллар қаржы табады.

BG тобындағы ақпарат көзінің хабарлауынша, Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін игеруші BG тобы акционерлерінен үлестің 50 процентін (акциялардың 8,33 процентін) сатып алу туралы келісімге Қазақстан кеше 30-наурызда қол қойды. Үлес құны 630 млн. долларды құрады. Акциялардың қалған 8,33 процентін Agip KCO консорциумының акционерлері өзара бөлісіп алады. Қашаған кенішін игеру жобасының операторы болып табылатын Agip KCO консорциумына BG Group, Exxon Mobil, Inpex Masela Ltd., Phillips, Shell және TotalFinaElf компаниялары біріккен.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ұлыбританияның BG тобы 2003-жылы Қашаған жобасындағы 16,67 проценттік өз үлесін сатуға ниет білдірген.
Қашаған кенішіндегі алғашқы мұнай Восток-1 ұңғысында 2000-жылдың жазында табылды. Кеніштегі дәлелденген мұнай қоры 11 млрд. баррельді (1,5 млрд. тонна) құрайды. Agip KCO Қашаған кенішінде өнеркәсіптік мұнай өндіре бастау мерзімін 2007-жылға межелеп отыр.