Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру уақытын ұзартты

Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты.

Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті - азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім - негізінен, осы бағыттағы дұрыс қадам.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды", - делінген Берік Уәлидің жазбасында.