Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Бүгін Шымкентте баланың да, Ананың да құқығы ашық тапталды!
Жасөсірім қыздың қасынан табылған белгісіз еркек кім? Соны жасыру үшін Анасын кінәлап жатсыздар ма?
Шымкент Қаласының Полиция Департаменті заңды белшесінен баса жалған ақпарат таратуға болады ма? Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Дәлбековтің өзі генерал басымен және Штаб басқармасы бастығының орынбасары Қаракөзова әлі нақтыланбаған, тіпті анықталмаған ақпаратты БАҚ пен журналистерге қандай мақсатта таратып отырсыздар? Әлеуметтік желілерге және жеке парақшаларыңызға қаршадай қыздың видеосын жазып алып, қандай заңдарға сүйеніп бөлістіңіздер? 15 жасар жасөспірім қызды ата-ана, заңды өкілінсіз тергеп-тексеруге, сағаттап ұстауға, онсызда “өтпелі” кезеңде жүрген одан видео жазуға, осылайша оның психикасымен “ойыншықша” ойнауға кім рұқсат берді? Әлі отбасын толық зерттеп-зерделемей, тергеу жүрмей, сот бітпей, “Ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттарды жинайды…” деп кесімді түрде ресми хабарлапсыздар! Ал заң бойынша, “Қыз табылды. Тергеп-тексеру әрекеттері аяқталмай, толық ақпарат берілмейді”деу керек едіңіздер! Ал Сіздер жалған ақпарат таратумен қоса, жасөспірім қыздың жалдамалы пәтерден белгісіз азаматпен табылғанын неге жасырып отырсыздар? Туған Анасын кінәлап, жанынан табылған ер адамның қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруына жағдай жасамақсыздар ма?
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов мырза, Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы ҚР ҚПК-нің 201-бабы және тергеу мүддесіне байланысты жасөспірімдерге қатысты жариялауға жатпайтын ақпараттарды тергеу амалдары толық жүргізілмей жатып, алдын ала таратып, заңды өрескел бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет деп санаймын!
Заң - бәрімізге ортақ", - деп жазды Айгүл Орынбек.