Ерлі-зайыпты Игнатенколар баламыз көп болса деп армандапты. Тұңғышы Мирон дүниеге келгенде олардың қуанышында шек болмаған. Бірақ нәресте ауру боп туылып, 2 айдан кейін шетінеген. Ол да терісі қабыршықтанып, инфекция жұқтырған екен.
Евгения Игнатенко, Александраның анасы :
- Бұл адам төзгісіз ауру. Содан бері алты жыл өтсе де, сол екі айдағы әрбір күн кешегідей көз алдымда.
Тұңғышынан айырылған отбасы кейін тағы екі перзент сүйеді. Аринаның дені сау болғанымен, кішкентай Александра ағасында болған қауіпті аурумен туылыпты.
Евгения Игнатенко, Александраның анасы:
- Оны басқа балалар сияқты көтеру мүмкін емес. Бірден терісі жыртылып жара пайда болады. Сондықтан, абайлап еппен қолға аламыз.
Екі жасар бала өздігімен жүре алмайды. Ауруы жанына батқанда жатады. Кейде аздап отырады. Оған тағамды езіп, жұмсартып береді. Әйтпесе, тамағы жыртылып кетуі мүмкін. Александраның саусақтары күннен күнге бірігіп, аяқ-қолдары доғалданып барады.
- Туылғанда бәрі жақсы еді.
Қазақстанда балаға қол ұшын беретін маман да, арнайы дәрі-дәрмек те жоқ. Сашаны шолмылдыруға да болмайды екен. Анасы күніге күлдіреп су көтерген терісін тесіп, жарасын таңып отырады. Өйтпесе, тері астындағы сұйықтық бірден бүкіл денеге жайылып кетуі мүмкін.
Германиялық дәрігерлер сәби жазылады деп үміттендірген. Бірақ еміне 32 мың еуро қажет. Алайда Игнатенколар отбасында мұндай қаражат жоқ. Ал, жергілікті дәрігерлер баланы тездетіп шетелге жіберу керек деп отыр. Мұндай науқасқа шалдыққандарды басқаша «көбелек-бала» деп атайды екен. Сашаның ата-анасы балақайдың қанатын қатайту үшін көпшіліктен көмек сұрайды.