"Қатерлі ісікке қарсы бірлескен күрес" атты Семейлік бірлестік облыстық балалар ауруханасының емделушілеріне арнап акция ұйымдастырды

"Қатерлі ісікке қарсы бірлескен күрес" бірлестігінің мүшелері халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауруханада емделуші бүлдіршіндерге арнап кілең тәтті мен дәмдіден дастархан әзірледі.

Онкологиялық диспансердің психолог-дәрігері, бірлестік өкілі Құралай Мүсілімованың айтуынша, аталмыш емдеу мекемесінде қазір лейкоздан емделетін 40 бала тіркеуде тұратын көрінеді. Балалардың біраз бөлігі бұл күндері облыстық аурухананың гематологиялық бөлімінде зерттеуден өтуде.
Онкологиялық диспансердің жанынан "Қатерлі ісікке қарсы бірлескен күрес" атты бірлестіктің құрылғанына биыл үшінші жыл. Қатерлі ісік дертіне шалдыққан сырқаттарға қолдау көрсету, психологиялық сауықтыру және әлеуметтік бейімдеу мақсаттарын көздейтін аталмыш бірлестік сонымен бірге онкологиялық аурулардың алдын алу тақырыбында ақпарат тарату , ағарту шараларымен белсене айналысады.