"Қатынына" ән арнаған Әзімбек Байлин "Алашұлы" тобынан неліктен кеткені белгілі болды

Stan.kz тілшісі топтың жаңа мүшесін таныстыру мен жаңа бейнебаяндарының тұсаукесер шарасына қатысып, жігіттердің түсірілім барысында неге "үсіп қала жаздағанын" және топтың бұрынғы мүшесі Әзімбек Байлиннің неге кеткенін біліп қайтты. 

Топтың жаңа мүшесін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шарада жиналған қауым назарына жаңа бейнебаян ұсынылды. Алатаудың шыңында екі күннің ішінде бейнебаян түсірген топ туындыны ұсынбас бұрын қандай тәуекелге барғанын айтып берді. "Алашұлының" солисті Мақсат Рахметтің айтуы бойынша, түсірілім тобы мен әншілер тауға көтерілгенде ауа-райы құбылып, боран басталып, қалың қар жауған. Боранда жақсы бейнебаян түсірудің екіталай екенін ұғынған өнер иелері төмен түсіп, тау бөктерінен үй тауып, соны паналаған. 

“Бірінші күні кешке таман әрең дегенде таудан төменге қарай түстік. Шатырға қонамыз деп шатырымызды көтеріп барып едік, боран болған соң, пайдамызға жарамады. Жаман болса да бір үйді тауып алдық, ол үйдің ішінен екі тақтайды көргенде жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Қолда барды отын етіп жағып, жылындық. Ертесі күні жігіттердің дене қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Бірақ олар шыдап, төзімдік танытты. Екінші күні ауа-райы жақсы болды. Сөйтіп, "Турист" шыңына барып, бейнебаян түсіріп қайтуымыздың өзі бір қызық болды. Қазір ол жерге барсаңыз, қар көрмейсіз. Жаратушы иеміз бізге әдемі кадрларды алып қалсын деп қыркүйек айында сондай ауа-райын бұйыртты деп ойлаймыз”, — дейді әнші. 

“Алашұлының” құрамы неліктен ауысты, Әзімбек Байлин топтан неге шықты  деген ең басты сұраққа продюсер Назгүл Қарабалина және солистер де бірауыздан жұмыс графиктерінің келіспеуі, репертуар таңдауда ортақ пікірдің болмауы деп жауап берді. 


Әзімбек Байлиннің әншілік пен тамадалық қызметті қатар алып жүретіні белгілі. Ол той жүргізіп, топпен бірге концерттерде, айтулы шараларда өнер көрсетуге уақыт таппай кеткен соң да топтан шығу туралы шешім қабылдапты. 

“Шығармашылық көзқарас тоғыспады. Репертуар таңдау деген мәселелерден басталды. “Алашұлы” қалалық, республикалық деңгейдегі, елбасы қатысатын үлкен сахналарда өнер көрсетеді. Әзімбектің және біздің графигіміз осындайда сәйкес келмей жатты. Сондай дүниелердің нәтижесінде тамыздың басында осындай шешім қабылданды. Әзімбек кететін болды. Оның орнына адам іздей бастадық”, — дейді Мақсат Рахмет. 

“Алашұлының” құрамы осымен екінші рет ауысты. Әзімбек Байлиннің орнына Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, жас әнші Берік Атаханов келді. Әншілер, стильді өзгертпейтінін, репертуарды түрлендіріп, этно-рэпті, көне терменің жазылып жатқанын айтты.