Алғашқы екі күндегідей емес, бүгін өртенген 3 базардың маңы тыныш. Десе де контейнеріне кірер қақпаның ашылғанын күтіп, сандалған саудагерлер қарасы әлі де аз емес. «Бәлкім, іште жаңбай қалған бір тауарым бар шығар» деген үміт, әрине, бәрінде.
Алайда ел күткендей қақпа ашылмады. Есесіне жұрт қайғысына жақын екендіктерін білдерейік деді ме, Төтенше жағдайлар қызметі саудагерлері өздерінше сабырға шақырып әлек болды.
Алапат өрттің тұтанғанына аптаға жуықтаса да, әлі себептері анықталар емес. Әзірге «Олжа» базарында жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары себеп болуы мүмкін деген болжам қарастырылуда.
Эльбрус Сұлтанқұлов, Алматы қалалық ТЖД қызметкері:
- Әзірге растап, мынадан болды деп айта алмаймыз. Есептеуіміз бойынша, шамамен 5 мың 400 шаршы метрді өрт шалған.
Ал саудагерлер болса, белшеден батқан шығынды кімнен дауларын білмей жүр.
- Не пайда? Ештеңе жоқ. Одан да үкімет көмектессін, берсін. Тауарымыздың жарты ақшасын қайтарсын! Бәленбай долларға күйіп отырмыз.
Үкіметтен көмекті бүгін Мәжіліс депутаттары да сұрады. «Ақжол» партиясы өкілдері зардап шеккен саудагерлерге қаржылай қолдау көрсетуді өтініп, премьер-министрдің атына сауал жолдады. Сондай-ақ халық қалаулылары өрттың лезде үлкен аумаққа таралуын Төтенше жағдайлар қызметінің сылбырлығынан көріп отыр.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Егер өрт туралы айтсақ, 16 сағат сөндіре алмай деген министрліктің әлсіздігін көрсетіп отыр меніңше.
Ал сын тезіне алынған ведомство басшысыВладимир Божко өртке жауапты адамдардың қатаң жазаланатынын ескертіпті. «Не суы жоқ, не өрт сөндіру көлігі өте алмайтын», яғни өрт қауіпсізді ережесін сақтамаған осы үш базардың басшылығы кінәлі дейді министр. Ал тілсіз жаудың нақты тұтану себебі 10 күннен соң белгілі болмақ.