Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Өзіміз көріп отырғандай, бүгінгі күні конституциялық құрылым, егемендік, мемлекеттің аумақтық тұтастығы жаңа деструктивтік ықпалдарға ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан өте қырағы және мұқият болуға тиіс. Біз ешқандай ойластырылмаған «бұралаңдарға» жол бермеуге тиіспіз. Халқымыздың әл-ауқатын біртіндеп жақсартып және экономиканы дамыта отырып, бұрынғыша орнықты ілгерілей беруіміз қажет.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздік жоспарына шұғыл өзгерістер енгізілетінін айтты. Өйткені күнде өзгеріп жатқан әлем осыны талап етіп отыр. Ал күш құрылымдарының басшылары ақпараттық технологиялардан төнетін қатермен күресте ширақ болуы қажет. Сондай-ақ, жиында «Экспо-2017» көрмесі кезінде қоғамдық қауіпсіздіктің қалай қорғалатыны кеңінен сөз болды. Президент бұл жерде әлемдегі озық тәжірбиені қолдануды жүктеді. Бұл үшін Ішкі Істер министрі жетекшілік ететін арнайы штаб құрылады. Ал ұлттық қауіпсіздікке қатысты құпия мәліметтер айтылатындықтан, отырыстың негізгі бөлігі жабық есік жағдайында жалғасты.