Қауқары аз қаптаған ұйымды қаржыландыру дұрыс па?

– Осы заң жобасында депутаттар жастарды патриоттық тәрбиелеу орталығын құруды ұсынуда, – деді Қорғаныс министрлігі ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары Қайсар Мұғалов. – Біз, Қорғаныс министрлігінің басшылығымен ақылдаса келе, бұл ұсынысты қолдауға шештік, бірақ ол орталықтардың әскери бөлімдер жанындағы «әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтары» болғанын қалаймыз. Бұл біздің мүмкіндіктерге жауап берер еді. Әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтарын бәрінен бөлек, дәл әскери бөлімдердің қасынан құру дұрыс! – деген ол өздерінің осы ұстанымда табандайтындарын танытты.

– Біз есептеріңізді қарап шықтық, – деді оған депутат Светлана Романовская. – Мектептерде «Бастапқы әскери дайындық» сабағын жүргізетін 6 мыңнан астам адам бар екен. Сонда сіздерге 

бұдан басқа не керек: қаржы, әлде мәртебе ме? Мен оқыған кезімде, мектептегі әртүрлі сабақтар аясында әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмыстары жүргізілетін. Ендеше жаңа құрылымдар құру, оларды бюджет есебінен ұстап тұру қаншалықты орынды?

Қорғаныс министрлігінің өкілі «Бастапқы әскери дайындық» пәнін жүргізетін мамандардың Білім және ғылым министрлігі жүйесіне жататындығын алдан тартты. Яғни қаржысы да БҒМ-ге кетеді. «Біз тек әдістемелік көмек көрсетеміз. Ал орталық құруды депутаттар Азат Перуашев, Гүлнәр Ықсановалар ұсынып отыр. Мен оны Қорғаныс министрлігі басшылығына баяндадым, ол қолдады. Біз штаттан тыс мұндай орталық жұмысын жүргізе аламыз: жастармен айналысатын жеке құрам бөлеміз. Бірақ ол жай патриоттық емес, тек әскери-патриоттық болуға және әскери бөлімдер жанында құрылуға тиісті» деді Қ.Мұғалов.

С.Романовская да өз пікірінде қалатынын нақтылады, оның байламынша, балаларды әскери-патриоттық тәрбиелеу керек болса, тұтас орталықтарды ұстап тұруға ел қаржысын шығындамай, оқушыларға әскери бөлімдерге экскурсия ұйымдастырып отырса да жарайды. «Қарулы күштердің бар қуатын көрсетсін, балалар солдаттармен, офицерлермен бірге плацта адымдауды үйренсін» деді депутат. Қорғаныс өкілінің айтуынша, «Ерлік сабақтары», «Жас армияшылдар күні» секілді шаралар аясында мұндай жұмыстар онсыз да жүргізіліп жатқан көрінеді. Дегенмен министрлік әлгіндей орталықтарды қаржыландыру мәселесінің шешілуін қалап отыр.

Өйткені «құру ұсынылып» отырған орталықтар ендігі құрылыпты. Бірақ олар «Әскери-техникалық мектептер» базасында ашылған екен. «Қазір біз өңірлерде патриоттық тәрбиелеу орталықтарын құрдық, бірақ сонымен бірге оларды облыстарда қаржыландыру мәселелері ауыр жүруде. Облыс әкімдері осы істе көмектесуге уәде еткен. 


Мысалы, Батыс Қазақстан облысының әкімі жастардың ресурстық орталықтарын қолдауға 9 миллион теңге, соның ішінде 2 миллионын әскери-патриоттық тәрбиелеуге бөлді. Атырау облысының әкімі де осы орталықты дамытуға да белгілі бір сома бағыттады, – деді Қ.Мұғалов. 

Оның айтуынша, мектепте ұстаздарға берілетін еңбекақының мардымсыздығы кесірінен, онда жұмыс жасауға тіпті запасқа босатылған офицерлер де бармайды екен: «Лайықты мәртебе беру керек, – деп ұсынады әскери ведомство өкілі. – Орта мектептерде «директордың патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары» мәртебесін берсе дұрыс болар еді».

«Азаматтық Альянстың» жастар саясаты комитетінің төрағасы Сергей Белов жастарды патриоттық тәрбиелеумен қаптаған ұйымның айналысатындығын айтады: «Біз, қоғамдық ұйымдар атынан, осы заңда құзырлардың ара-жігі нақты ажыратылуға тиіс деген ұстанымды табанды қорғаудамыз. Өйткені құпия жасаудың қажеті не, бізде мемлекеттік органдар функцияларды қаптатып ала береді, - деп жазады Айқын газеті