С.Құлназаровтың айтуынша, бүгінде навигация саласында қалыптасқан ахуалды бағамдасақ, мемлекет шын мәнінде қазір алымдар мөлшерін азайту арқылы тұрақты емес, әредік қана чартерлік рейстермен айналысатын, отандық авиацияның дамуына ешқандай оң ықпалын тигізбейтін шетелдік жеке меншік әуе компанияларына қолдау көрсетіп отыр. Ал пешенесіне ешбір жеңілдіктер бұйырмаған отандық тасымалдаушылар болса, саланы дамытудағы басты ауыртпалықтарды көтеруде. Осы орайда С.Құлназаров тәртіп бойынша, ішкі рейстердің пайдалылық деңгейі тым төмен екенін атап көрсетті. Соның салдарынан ішкі рейстерді қалпына келтіру жұмыстары үлкен қиындықтармен әрең жүзеге асырылуда.
Осыған байланысты РМК чартерлік рейстермен айналысатын әуекомпаниялары үшін алымдар мөлшерін халықаралық деңгейге дейін көтеруді ұсынады.
"Қазаэронавигация" РМК бас директорының бағалауынша, әуекомпаниялары шығындарының құрылымында навигациялық шығындар үлесі 3-5 процентті құрайды.