«ҚазАгро» несие өтінімдерін қараудың автоматтандырылған жүйесін енгізді

Бұл шаруаларға өз жұмыс бөлмелерінен шықпай-ақ холдингтің несиелеуші ұйымдарына қаржыландыруға өтінімдерін беруге мүмкіндік береді. 

Бүгін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі Келісімге қол қою барысында «ҚазАгро» холдингінің Басқарушы директоры  Айгүл Мұхамадиева осылай айтты.

Оның сөзіне қарағанда, «ҚазАгроның» барлық еншілес компанияларының қызметі негізінен «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасын, соның ішінде ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несие ресурстарына қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр. «Осыған орай, холдингтің құрамындағы үш компания  - «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «ҚазАгроҚаржы»  ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін несие өнімдерінің кеңейтілген шоғырын ұсынады. Соның ішінде қолжетімділікті арттыру несие серіктестіктерін қаржыландыру арқылы қамтылады. Бұл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ шағын несие ұйымдары арқылы аудандар мен елді мекендерге несие ресурстарын жеткізеді», - деді Айгүл Мұхамадиева.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арасында кәсіпкерлік субъектілеріне және кәсіпкерлік бастамалары бар тұрғындарға қолдау көрсету шеңберінде Өзара іс-қимыл жөніндегі келісімге қол қойды. 


Құжатқа сәйкес, тараптар түрлі бағыттар бойынша өзара әрекет жасауға ниетті. Атап айтқанда, кәсіпкерлерді қолдау орталықтары және қаржыландыру бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі кеңес беру, аграрлық кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын ақпараттық қамтамасыз ету, моно және  шағын қалалар мен ауыл тұрғындарын кәсіпкерліктің негіздеріне оқыту шаралары қамтылады. Бұдан бөлек, Келісім бизнес жоспарларды жасау және «ҚазАгро» холдингінің қаржы институтына беру үшін өтінімдерді қалыптастыру бойынша кеңес беру қызметі, құқықтық қолдау бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсетуді қарастырады.

«ҚазАгро» холдингінің Басқарушы директоры Айгүл Мұхамадиеваның айтуынша, алдағы уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен дәл осындай келісімдер «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арасында жасалмақ.