Төлеген Мұхамеджановтың "Заман-ай" әнін орындайтын жапон әншісі Мичида Риокко Астанаға қонаққа келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жапонияның Хиросима қаласында тұратын Мичида Риокко қызымен бірге елордада басталған мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің "Рухани қазына" фестиваліне қонақ ретінде келген. Жапон әншісі қазақ сахнасында ядролық сынақтан зардап шеккен халықтың мұңын шертетін "Заман-ай" әнін жапон тілінде орындайды. Әннің сөзін жазған – Ұлықбек Есдәулет, әуені Төлеген Мұхамеджановтікі.
"1999 жылы Семейдегі ядролық сынақтардан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мақсатында Хиросима-Семей ұйымы құрылды. Ұйым жыл сайын Хиросимада жоғары сыныптарда оқыту үшін студенттерді қабылдайды. "Заман-ай" әнін алғаш рет осы ұйымнан естіп, оның ядролық сынақ құрбандарына арналғанын білдім. Сіздер білесіздер, Хиросима да жарылыс зардабын тартқан аймақтың бірі. Сондықтан бұл әнді жапон тіліне аударуға бел будық. Хиросима тұрғындары да әнді жылы қабылдады", — деді Мичида Риокко.
"Заман-ай" әні жапон тілінде алғаш рет Қазақстан президентінің Хиросимаға сапары кезінде орындалған.
"Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың қарашасында Хиросимаға ресми сапармен келген еді. Сол күні біз бүлдіршіндермен жапон тілінде "Заман-ай" әнін шырқадық. Ән орындалып біткен соң, президент қасымызға келіп, балалардың қолын алып, алғысын білдірді. Бұл біз үшін күтпеген сый болды, қуанып қалдық", — деді ол.
Риокко Қазақстанға алғаш рет келіп отыр екен.
"Астана өте үлкен қала, маған ұнады. Қазақстанға құрмет белгісі ретінде тырнағыма көк тудың суретін салып келдім. Жалпы біздің ұлт пен қазақтар арасында ұқсастық бар, бізді көп дүние байланыстырады", — деді ол.
Кейін жапон әншісі журналистер алдында "Заман-ай" әнін орындап берді.
Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігі 21-22 мамыр күндері мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері күніне орай елімізде тұңғыш рет "Рухани қазына" фестивалін өткізеді. Фестиваль мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған.
Оқи отырыңыз:
Алматыда шаштараз өртеніп, 15 жасар қыз зардап шекті
Ерке Есмахан: Маxаббат жасқа да, нәсілге де қарамайды
Қан қызыл түске боялған Алматы өзенінің суы жұртты шошытты