«Қазақ» атауы Қазақ хандығынан ерте пайда болған - И. Жеменей

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дөңгелек үстел барысында шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, С. Демирель атындағы университеттің профессоры Ислам Жеменей мәлімдеді.

Оның айтуынша мұны дәлелдейтін жазба деректер жетерлік.

«Кеңес заманында қазақ халқының тарихын түгендеуде қолжазба деректерді зерттеу жағынан кенже қалып келдік. Өйткені, билік тарапынан бұған қызығушылық болмады. Ал тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында бұл салада зерттеу жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. Бір ғана мысал, қазақ жұртының 14-ші ғасырдан-ақ тарих сахнасына шыққандығы жазба деректерде сақталған. Ортағасырлық тарихшы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің 1424-25 жылдары жазған «Зафарнама» (Жеңістер кітабы) кітабында 1365 жылы әмір Темір мен Қазақ жұрты арасындағы қарым-қатынастар, оқиғалар жазылған. Яғни, қазақ атауы, қазақ жұрты аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Керей мен Жәнібек хан Қазақ хандығын аяқ астынан құра салған жоқ. Бұған дейін үлкен қалыптасу, даму кезеңдері, алғышарттары болған», - деді өз сөзінде Ислам Жеменей.

Сонымен қатар ғалым қазақ халқының тарихи қалыптасу үрдістерін Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» (Бабырдың жазбалары) және Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» (Рашидтің тарихы) еңбектері қорытындылай түсетіндігін жеткізді.  


«14-ші ғасырда біздің Орталық Азия, түркі даласы күйзеліске ұшыраған шақта тарих сахнасында Қазақ жұрты пайда болды. Не үшін? Бабырдың пайымдауынша қазақ даласын мекендеген жергілікті қыпшақ тайпалары Алтынорда хандығына бағынғысы келмейді. Еркіндікті, азаттықты, дала өмірін аңсай бастайды. Сосын, топтаса келе жамғаттар, ұлыстар құрады. Ал кейін Керей мен Жәнібек хандардың арқасында хандыққа бірігіп, ұлт болып ұйысады», - деді И. Жеменей.